#qyzylordatv 

«КАЗСУШАР» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлерінің балалары жазғы демалысын Қамбаш лагерінде өткізді. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында су ресурстарын үнемдеу, тиімді пайдалану, ысырапшылдыққа жол бермеу тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. 


Тіршілік нәрін тиімді тұтыну бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі. Себебі, елімізде соңғы жылдары су тапшылығы айқын сезілуде. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл проблеманы шешу мақсатында үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Олар: трансшекаралық суларды тиімді бөлу, су үнемдеу технологияларын енгізу және суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда судың 60 пайызы ауыл шаруашылығы саласында, 30 пайызы өнеркәсіпте, қалған 10 пайызы күнделікті тұрмыста қолданылады екен. Дегенмен, суды үнемдеу, ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесін көтеріп, өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп отыру керек. 


 НӘЖМАДИН ШАМҰРАТОВ, «КАЗСУШАР» РМК ҚЫЗЫЛОРДА ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 

Қазіргі таңда дүние жүзінде суды үнемдеуге байланысты ірі ірі жобалар жүріп жатса, бүгінгі таңдағы Қазақстандағы су министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың бірі осы...


 Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен «КАЗСУШАР» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының материалдық-техникалық базасы нығайып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Қызметкерлерге шипажайға жолдама берілсе, олардың балалары жыл сайын лагерлерде тегін демалуда. 


Қамбаш лагерінде демалушылар он күн бойы «Суды үнемде – болашақты сақта!» тақырыбында дебат, танымдық сабақтар, сурет байқауы, эссе жазу, экологиялық акциялар мен спорттық сайыстарға қатысып, уақытын тиімді өткізді. Сала мамандары су ресурстарын үнемдеу, тіршілік нәрін тиімді пайдалану тақырыбында арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шара соңында оқушылар өз ойларын ортаға салып, білгенімен бөлісті.  


Танымдық, спорттық шараларға белсене қатысып, көзге түскен балалар онкүндіктің қорытынды шарасында марапатталды. «КАЗСУШАР» республикалық мемлекеттік кәсіпорны кәсіподағының естелік сыйлықтарына ие болды. Жиын соңында «Сушылар гимні» орындалып, қонақтар мен демалушылар естелік суретке түсті.