#qyzylordatv
Облыс орталығында белгілі қаржыгер-экономист Қамбарбек Мүбәраковті еске алуға арналған шағын футболдан мемлекеттік қызметшілер арасында ашық турнир өтті. Доп додасына облыстық басқармалар мен жеті аудан әкімдігінен командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Қамбарбек Мүбәраков 1973 жылы 2 наурызда Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын 1990 жылы қырманда слесарь болып бастаған ол 1997-2009 жылдары салық органдарында түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Одан кейін әр жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Шиелі ауданының әкімі лауазымдарын абыроймен атқарды. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының төрағасы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. 2023 жылдың 19 мамырынан бастап өмірінің соңына дейін облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы болды.
Облыстық турнирдің ашылу салтанатында аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев адал еңбегімен абыройға кенеліп, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан білікті маманның еңбегін ерекше атап өтіп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын жолдады.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Қамбарбек Амангелдіұлы саналы ғұмырын Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне арнап, мемлекеттік қызметте адал еңбектің жарқын үлгісін танытты. Әріптесіміз қай қызметте де биік парасатымен абыройға кенеліп, азаматтық ұстанымымен, іскерлік қасиетімен, мол тәжірибесімен көпке үлгі болды.
РУСЛАН РҮСТЕМОВ – МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ Біздің жақын досымыз, әріптесіміз Қамбарбек бауырымыз талапшыл, парасат пайымы мол, ел үшін жаралғандай тұлға болды десек ешқандай қате айтпаған болар едік.
Ал тартысты додада жеңіске жету оңайға соққан жоқ: турнирге облыстың барлық мемлекеттік мекемелерінен, сондай-ақ қала мен аудандардан 27 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Олар үш топқа бөлініп, ойын өрнегін қыздырды. Бірінші топтан Жалағаш пен Шиелі командасы үздік шықса, екінші топта Қазалы ауданы мен Жаңақорғаннан келген аяқдопшылар алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Осылайша, топтан үздік шыққан командалар өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үшінші орынға ие болса, экономика және қаржы басқармасының қызметкерлері екінші, Жаңақорған ауданы әкімдігінің намысын қорғаған аяқдопшылар бірінші орынды жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына арнайы кубок пен қаржылай сыйақы табысталды.