#qyzylordatv
Футболдан Қазақстан Премьер лигасының кезекті тур ойындары өтті. Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда Семейдің «Елімай» командасымен кездесті.
Соңғы төрт турда 3 рет тең ойнап, біреуінде жеңілген қайсарлықтар үшін бұл матчта жеңіс ауадай қажет еді. Жазғы трансферлік кезеңде жаңа ойыншылармен толығып, құрамын біршама күшейткен қызылордалық ұжымнан жанкүйерлер де жеңіс күтті. Көптен бері қарсыластарына тісі батпай жүрген «қасқырлар» алғашқы минуттардан-ақ шабуылға лап қойды. Десе де, семейліктер сауатты қорғанып, қарымта шабуылдармен жауап қайтарумен болды. Сондай сәттердің бірінде елімайлық шабуылшы Акмаль Бахтияров «Қайсардың» қақпасынан саңылау тауып, командасын есепте алға шығарды.
Осылайша, бірінші таймды алаң иелері өз пайдаларына жазды. Ал, ойынның екінші бөлігінде қызылордалық команда жинақы ойнап, жүйелі шабуылдар ұйымдастырды. Қос қаптал арқылы қауіпті комбинациялар ұйымдастырып отырды. Және екінші таймның бел ортасына таман «Қайсар» дегеніне жетті. Бразилиялық легионер Густаво Загоның қиыстыра шығарған тамаша пасынан кейін семейліктер өз қақпаларына автогол өткізіп алды.
Қорытынды есеп 1-1. «Қайсар» сырт алаңда «Елімаймен» ұпай бөлісті. Ал, қызылордалық команда келесі кездесуін енді өз алаңында 29 шілде күні өткізеді. Ел кубогының жартылай финалында «Жеңіс» футбол клубына қарсы ойнайтын болады.