Негізгі Жаңалықтар Әлеуметтік қолдау жүйесінде не өзгерді?

Әлеуметтік қолдау жүйесінде не өзгерді?

#qyzylordatv 

Қызылорда қаласы бойынша әлеуметтік қолдау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Еңбек министрлігінің тексеруінен кейін жергілікті деңгейдегі кейбір жәрдемақылар тоқтатылды. Дегенмен, аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік көмек көрсету және жұмыспен қамту бастамалары тұрақты түрде жүзеге асуда. 


Қала бойынша әлеуметтік қолдау жүйесі өзгеріс үстінде. Жергілікті бюджет есебінен төленетін төлемдерді қайта қарау нәтижесінде әлеуметтік қолдау шараларының бірқатары тоқтатылды. Оның ішінде облыс әкімі грантын алушыларға берілетін біржолғы қаржы, оқушылардың жол жүру шығындарын өтеуге берілетін төлемдер бар. 


АЛМАС ОРЫНБЕКОВ – ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бүгінде, бізде облыс әкімі гранты бойынша студенттерге төленетін 1 реттік төлем алынып тасталды. Бұл жерде айта кету керек, 2026 жылы түсетін түлектерге қатысты, ал бұған дейін түсіп кеткен студенттердің оқу, тамақтану және жатын орнының ақысына төлем жүргізіле береді. Одан кейін, орта білім беретін мектептің оқушыларына жолпұл бойынша әлеуметтік төлем алынып тасталды. Себебі, бізде қала әкімінің және мәслихат төрағасының шешімдеріне сәйкес, барлық оқушыларға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, яғни 50 пайызбен жеңілдікпен қарастырылған. Келесі, жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен яғни «ОтауТВ» қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік төлемде алынып тасталды. Себебі, министрліктің 2024 жылғы бұйрығына сәйкес, телевизиялық абоненттiк жалғамалармен қамтамасыз ету 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін жүзеге асыру көрсетілген. Расында да, қазіргі таңда елімізде теледидарда жалғамалар заманауи теледидарда автоматты түрде қамтамасыз етілген. 


 Белгілі бір төлемдер қайта қаралғанына қарамастан, негізгі мемлекеттік қолдау шаралары сақталып отыр. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке биыл 2 млрд 281 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал өткен 6 айда 2884 отбасы 1 млрд 446 мың теңгеден астам қаржы тағайындалды. Сондай-ақ, 1 мен 6 жас аралығындағы балалары бар отбасыларға қосымша төлемдер берілді. Бұдан бөлек, ардагерлерге, қиын жағдайға тап болған отбасыларға, ауыр сырқаты бар балаларға және басқа да санаттар бойынша тұрғындарға қаржылай көмек көрсетілді.


Бөлісу