Тарихты таразылаған ғылыми-танымдық экспедиция
#qyzylordatv
«Марал баба» қоғамдық қоры Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында «Бабалар жолымен» атты тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды. Елордадан басталған сапар Сыр өңірінде қорытындыланды. Мақсат - діни қайраткер, ағартушы Марал ишан Құрманұлының өмірі мен рухани мұрасын терең зерттеу.
Астанадан шыққан автошеру Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ұлытау облыстарын аралап, 14 күннің ішінде Қызылордаға аялдады. Еліміздің әр өңірінен және көршілес Өзбекстан мен Ресейден келген экспедиция мүшелері алдымен Марал Құрманұлының немересі, белгілі діни қайраткері Сүлеймен ишанның кесенесіне зиярат жасап, рухына құран бағыштады. Облыстық тарихи өлкетану музейіне барып, Сыр өңірінің тарихымен, құнды жәдігерлермен танысты. Мұражай қорында Марал ишанға тиесілі аса таяғы және оққағары болған Тәжі батырдың ері сақтаулы тұр.
МҰХАМЕДХАН ҚАСЫМХАНҰЛЫ, «МАРАЛ БАБА» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Марал ишан мен ұрпақтарының атында оннан астам мешіт, медресе бар Қазақсстанда. Соларды көріп, тарихын сұрап, таныстық. Бабамыз тәуелсіздік үшін күрескен...
Марал ишан Солтүстік Қазақстан облысындағы Нұрымбет ауылында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен айырылған ол 13 жасында Ақмешітке келіп, діни білім алады. Кейін туған жеріне оралып, елге қызмет істейді. Марал Құрманұлы дін өкілі ғана емес, ол - қоғам қай¬раткері, азаттық үшін күрескен тұлға. Ол 1837 жылы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда идеологиялық кеңесшісі болған.
БАҚЫТЖАН АХМЕТБЕК, ТАРИХШЫ
Марал ишанды Сыр бойы батытырлары тізіміне қосқанмын.....
Құрамында белгілі ғалымдар, өлкетанушылар мен зерттеушілер жиналған экспедициялық топ Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Сыр өңірінің рухани мұрасы: Марал ишан әулетінің ағартушылық және қоғамдық қызметі» атты ғылыми-танымдық дөңгелек үстелге қатысты. Танымдық жиында Марал ишан туралы жарыққа шыққан «Үш жүзге пір атанған әулие» атты кітаптың тұсауы кесілдіп, оқырманға таныстырылды.
Көрнекті діни қайраткер Марал Құрманұлының есімін жаңғырту мақсатында белгілі ақын Қанат Сапарбай «Ж» әрпінен басталатын 1091 жолдан тұратын «Марал ишан» дастанын жазған. Көлемді поэтикалық туынды Гинестің рекордтар кітабына енген.
Экспедиция мүшелері Сыр өңіріндегі тарихи мекендер мен киелі орындарды аралады. Көнекөз қариялармен кездесіп, архивтік құжаттарды зерттеп, Марал ишан туралы тың деректерді жинақтады. «Бабалар жолымен» авто¬шеруі Марал Құрманұлының жерленген жері Қармақшы ауданында қорытындыланды. Еліміздің әр өңірінен келген ишан ұрпақтары киелі жерлерге зиярат етіп, баба рухына тәу етті.
Ғалымдар 14 күнге созылған экспедицияда Марал ишан туралы ел аузында жүрген есті әңгімелер мен құнды мағлұматтарды жинап, жаңа кітап жазуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық автошеру туралы арнайы деректі фильм әзірленеді.