Табиғи газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
#qyzylordatv
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен «QazaqGazAimaq» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының мамандары бірлесіп профилактикалық іс-шара өткізіп жатыр. Сабалақ саяжайындағы кезекті шарада тұрғындарға табиғи газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Өткен жылу беру маусымының қорытындысы бойынша Қызылорда қаласының өзінде 122 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 64-і тұрғын үй секторында орын алған. Өрттің салдарынан бір адам қаза тапты. Мамандар қайғылы жағдайлар көбінесе қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болады, дейді. Соның ішінде, жылыту құралдарын немқұрайлы пайдалану, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалану, техникалық қызмет көрсетуді орындау кезіндегі салғырттықтар соңы өкінішке әкеп соқтырады.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тұншықтырғыш газды анықтайтын құрылғы орнатқан жөн.
Мұндай түсіндірме жұмыстары жылу беру маусымына дейін жалғасады. Осы мақсатта төтеншеліктер 15-ші тамыз бен 15-ші қыркүйек аралығын «Өрт қауіпсіздік айлығы» деп бекітті.