Мектепке дайындық: Бір оқушыға қанша қаражат керек?
#qyzylordatv
Жаңа оқу жылының басталуына екі аптадан аз уақыт қалды. Баладан бұрын мектепке әзірлікті ата-аналар бастап кеткендей. Бірінші қыркүйек жақындаған сайын базар маңындағы қарбалас күшейді. Жалпы бір баланы мектепке дайындау үшін қанша қаржы керек? Онлайн сауда жасау қаншалықты тиімді? Әріптесім базардағы ахуалды бағдарлаған болатын, бірге білейік.
Базар бағамын нақты білу үшін алдымен төртінші және тоғызыншы сынып оқушысына арналған қажетті заттың тізімі жасалды. Оның қатарында қарапайым қаламсаптан бастап мектеп формасына дейінгі дүниелер бар. Жоғарғы сынып оқушысына сөмке, 15-20 қалың дәптер, оқу-құралдар, екі ақ жейде, қара шалбар мен белдемше, спорттық киімдер қажет. Ал бастауыш сынып оқушысына ортопедиялық сөмке, дәптер, бейнелеу мен еңбек сабағына қажетті құралдар, мектеп формасы қажет.
Базар қай кездегідей қайнап жатыр. Ең бастысы мұнда тауардың түрі көп. Сондықтан сапасы мен бағасына қарай таңдау мүмкіндігі де жоғары. Киімнің материалын ұстап, өзің киіп көріп, ыңғайлысын табасың. Мұнда жейделер 3-4 мың теңгеден басталса, ұл балаларға арналған костюм 20 мың теңге тұрады. Спорттық киім 12 мың, ең арзан мектеп сөмкелері 2 мың теңге шамасында. Бірнеше киім алсаң, саудагерлер де жеңілдік жасауға дайын.
ЖАНБОТА ШӘРІБЕК – САТУШЫ
Екі жылдай болды тәтемнің орнында тәтеме көмектесемін. Адам көп келеді, өйткені бағасын түсіріп береміз. Дәптерлер 5 теңгеден, іші әппақ. Ручка пачкамен жүреді, штугы 50, 30, 20 теңге әртүрлі. Пачкасы 1800, 2000, 2500. Клейлер 150 теңгеден басталады, пенал 500 теңге. Бір оқушыға негізі 20 мың дұрыс қой, өзінің қалаған заттарымен 20 мыңға әдемі заттар алып кетуге болады. Ақша аз болса 10-12 болады бір адамға.
Базар маңында дәстүрлі мектеп жәрмеңкесі де жұмыс істеп тұр. Сатушылардың айтуынша мұндағы тауар сапалы әрі ұзаққа жарайды. Байқағанымыз, бір балаға жұмсалатын ең төменгі шығын 50-60 мың теңге болғанымен, шындығында 100 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады. Дегенмен базардан бөлек, бүгінде интернет арқылы да керек дүниеңізді ала аласыз. Мұнда затты қолмен ұстап көру мүмкін емес. Бірақ ата-аналардың айтуынша, киіп көруді қажет етпейтін оқу құралы, сөмке секілді заттарға тапсырыс беруге болады.
Балаға оқу құралын қайдан алатынын, сапа мен бағаға қарай әр отбасы өзі шешеді. Бүгінде сұранысқа қарай ұсыныстың да түр түрі бар. Ең бастысы – мектепке дайындықты кешікпей ерте бастау.