Грек-рим мектебінің мақтанышы
#qyzylordatv
Грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали жаһан біріншілігіне дайындалып жатыр. Спортшы жаттығуын Қызылордада бастады. Сонан соң, чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Сыр саңлағы бұйырса бұл жолы да алтын олжалаймын деп отыр.
Былтыр елге тарихи жеңіс сыйлаған Айдос Сұлтанғали әлемдік аренада мемлекетіміздің абыройын асқақтатқан еді. Алты құрлықтың басты спорт додасына 26 жыл күткен алтын жүлдеге қол жеткізді. 60 келіге дейінгі салмақта күрескен жерлесіміз финалда Өзбекстан балуаны Алишер Ганиевті 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Осылайша Әлем чемпионы деген атақты иеленді. Ендігі мақсат Астанада өтетін Әлем біріншілігінде тағы да топ жару. Палуан бас жүлде үшін бар күш-жігерін салуға дайын.
Грек-рим бөлімшесіне 10 жасында келген Айдосқа күрестің қыр-сырын алғаш үйреткен жаттықтырушысы Ғабиден Райымбек. Талапты жас тынымсыз жаттығулардың арқасында шеберлігін шыңдап аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерде топ жарып, жүлдесіз оралған емес. Осылайша ол, Сыр грек-рим мектебінің тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Айдостың бұл жетістігі жергілікті палуандардың да сенімін нығайтып, жігерлендіре түсері анық. Ал Сырдың батыл баласы алдағы жаһан біріншілігінде қызылордалықтарды жеңісімен қуанышқа бөлейді деген сенім мол.