Сырдың сыршыл ақыны Қ.Жәленова – 75 жаста
#qyzylordatv
Сырдан шыққан сыршыл ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова – 75 жаста. Қарымды қаламгердің мерейтойына орай Шиелі ауданында «Жүрек жырының жұлдызы» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Тағылымды шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ақынға құрмет көрсетті.
Қатира Жәленова қазақ әдебиетінде нәзік болмысымен, өзіндік қолтаңбасымен, ешкімге ұқсамайтын озық шығармаларымен ойып тұрып орын алған сыршыл ақын. Сырда туған қарлығаш мектеп қабырғасында оқып жүріп тырнақалды туындыларын жаза бастады. Ал, ару қала Алматыға барған соң шығармашылықпен шындап айналысты. Қатира Сыздыққызының өлең өлкесіне еркін бойлап, шыңға шығуына белгілі ақын Әбділда Тәжібаевтың батасы сеп болыпты.
Ғұмырының қырық жылын қазақ әдебиетіне арнаған қаламгер 1979 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне, Түрік дүниесі поэзиясы екінші фестиваліне қатысқан. Сондай-ақ бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері. Табиғатпен үндесіп, тіршілік иелерімен тілдесу ақынға тән қасиет. Сондықтан поэзия перизатының жырлары өте нәзік, сезімге толы. Қатира Жәленованың алғашқы жыр жинағы 1978 жылы «Кел, махаббат» деген атпен жарық көрсе, кейін «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» секілді өлеңдер топтамасы оқырманның жүрегінен жол тапты.
Салтанатты шарада Айтбай Жандарбеков мерейтой иесін аудан жұртшылығының атынан құттықтап, қазақы дәстүрден жаңылмай, иығына шапан жапты.
Қатира Жәленова Сыр өңіріндегі ақын қыздардың көшбасында тұрған талантты тұлға. Сондықтан шығармашылық иесіне қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас. Танымдық шараға түркістандық белгілі ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Айман Айтбаева және Шиелі ауданының Құрметті азаматтары Жақсылық Әлиев пен Нұрмахан Елтай арнайы келіп, құттықтады.
Қатира Жәленованың ақындығы бір төбе, ол аударма ісінің маманы. Нақтырақ айтсақ, тәжік ақыны Сүлейменованың «Қырық бұрым» өлеңдер жинағын қазақ тіліне тәжімалаған. Ал, өзінің бірнеше өлеңі «Разбег», «Мадонны Турана» атты орыс тіліндегі антологияға енген. Сырбойылық ақын көптеген әндерге сөз жазған. Мерекелік кеште Қатира Сыздыққызының сөзіне жазылған әндер орындалып, көпшілік рухани азық алды.