Тұлғалар тағылымы
#qyzylordatv
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев – 70 жаста. Сондай-ақ, мемлекет пен қоғам ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған еңбек ардагері Бибіжан Жәукебаева 80 жасқа толды. Қос тұлғаның мерейлі сәтіне орай Шиеліде тағылымды кеш ұйымдастырылып, парасатты жандардың өмір жолы дәріптелді.
Асқар Жұмаділдаев қазақ ғылымының абыройын асқақтатқан көрнекті ғалым. Ал, Бибіжан Жәукебаева саналы ғұмырын өңір өркендеуіне арнаған білікті жан. Екеуі де шежірелі Шиелі топырағында дүниеге келіп, өнегелі өмір иесі атанды. Сондықтан, парасат биігінен көрінген қос қайраткердің мерейтойы қатар ұйымдастырылып отыр. Мұның өзі өскелең ұрпақ үшін өнеге өрнегі.
Салтанатты кеште Шиелінің қос перзентіне аудан әкімдігі тарапынан құрмет көрсетілді. Мұнан соң мерейтой иелерінің замандастары мен еңбек ардагерлері жүрекжарды лебізін білдірді. Шыны керек, жұртшылықтың пайымында Асқар Жұмаділдаев түрлі күрделі есептердің түйінін тарқатқан майталман математик. Дегенмен, даңқты академиктің парасатты поэзиядан да алыс емес екенін көпшілік біле бермейді. Еркін форматтағы жиында ғалым туған жер туралы толғаныстан бастап, өмір иірімі хақында өлеңдерін оқыды.
Тағылымды кештің басты ерекшелігі – жастар мен аға буын арасындағы ашық пікір алмасу. Яғни, бүгінгі буын өмір мектебінен өткен мерейтой иелеріне көкейкесті сауалдарын қойып, құнды кеңестерге қанықты. Бақсақ, бұл жандар атақтан да, марапаттан да кенде емес. Бірақ, тап туған жеріңде есіміңнің ұлықталуы – зор мәртебе екені анық.
Кеш барысында аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер мен өнеге тоғысқан тағылымды кездесу мерейтой иелеріне көрсетілген зор құрмет пен ел ықыласының жарқын көрінісіне айналды.