60 дана дабыл қондырғысы орнатылды
#qyzylordatv
Жылу пештері мен газ құрылғылары тұрмыстың ажырамас бөлігі екені анық. Дейтұрғанмен, оларды дұрыс қолданбай, немқұрайлық танытсақ, өрт, жарылыс, тіптен газбен улану оқиғалары орын алуы мүмкін. Осы орайда жаңақорғандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастамасымен аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіп, улы газды анықтайтын дабыл датчигі орнатылуда.
ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ
Қарапайым ғана бұл датчик – үйіңізді көрінбейтін қауіптен қорғайтын сенімді қалқан. Әсіресе, жылыту маусымында көмір жағатын тұрғындар үшін бұл ауадай қажет. Өйткені ол пештен шыққан улы газды дер кезінде анықтап, қайғылы жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді.
Иә, былтыр аталған құрылғы үйлерде улы газды дер кезінде анықтап, бірнеше адамды тілсіз жаудың құрығынан аман алып қалған.
ШЫҢҒЫС ЖӘДІКОВ – АУДАНДЫҚ ТЖБ АҒА ИНЖЕНЕРІ
Өткен жылы біз 80 тұрғын үйге датчик орналастырған болатынбыз соның шамамен 15 тұрғын үйде осы жылу беру маусымында қатты отынмен жылытатын тұрғын үйлерде түтін шығып, тұрғындарды қауіптен аман алып қалдық. Биыл әлеуметтік аз қамтылған 60 отбасыға орналастырдық.
Жаңақорған ауданында қатты отын тұтынып, жылу пештерін пайдаланатын 6 мыңға жуық үй бар. Олардың көбі жылу мұржаларын тазартуға жүрдім-бардым қарайды. Ал, мұның соңы жазатайым жағдайларға әкеп соғады. Сондықтан, мамандар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жіті түсіндіріп, арнайы құрылғы арқылы 120 үйге тазарту жұмыстарын жүргізді.
Бұл ретте көгілдір отынның игілігін көріп отырған тұрғындар да назардан тыс қалмады. Мамандар техникалық талаптарға сай келмейтін газ жабдықтарын тексеріп, тұрғындарға ескерту жасады. Ал, ақау анықталған жағдайда алғашқы жасалатын әрекеттерді түсіндірді.
Жыл басынан ауданда 43 өрт оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 10 төтенше жағдай жеке тұрғын үйлерде орын алыпты. Осындай оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында төтеншеліктер тұрғын-жайларды аралап, жылу маусымына дайындықтарын тексерді.
ӘЛІМХАН ЖАППАРОВ – АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ Тұрғындардың өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамағаннан орын алып отыр. Қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Жыл басынан бері 14 мың 232 тұрғын үй араланды. 78132 азаматқа түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Иә, орны толмас қайғыны болдырмау үшін мұндай профилактикалық шаралардың маңызы зор.