Негізгі Жаңалықтар Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы аудан тұрғындарымен кездесті

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы аудан тұрғындарымен кездесті

#qyzylordatv 

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру бойынша республикалық жұмыс тобы Сырдария және Жалағаш аудандарының халқымен кездесті. Жиында жолдауда айтылған міндеттер, еңбек және әлеуметтік қорғау, ауылшаруашылығы саласындағы өзгерістер мен жаңа жобалар айтылды.


 Стратегиялық маңызы жоғары құжатта ел дамуының жаңа бағыт-бағдары айқындалды, бірқатар сала бойынша жауапты органдарға нақты міндеттер жүктелген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге көтеріледі. Кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі ең төменгі жалақы мөлшері қалай есептелетінін, кімдерге берілетінін түсіндірді.


 ЕРБОЛ ТҰЯҚБАЕВ – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Бұл кімге қатысты? Айлықты көтеру. Азаматтық қызметшілерге қатысы бар ма, жоқ па? Неге 110 мыңға көтерілді деген сұрақтар болуы мүмкін. Ең төменгі жалақы көрсеткіші көптеген макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты төленеді. Соңғы 3-4 жыл көлемінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақылары біршама көтерілді. Осы кезде ең төменгі санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол күйі қалып кетті. Олардың ішінде мектептегі күзетші, качегар, еден жуушылар бар. +Бұл бастама 1,8 миллион халықты қамтиды. Бұл республика бойынша. Ал азаматтық қызметшілердің саны 370 мың ел бойынша.


Жолдауда ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту бойынша да бірқатар тапсырма жүктелген болатын. Жиында ауыл шаруашылығы вице-министрі көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруашылықтарды қолдау мақсатында бөлінетін қаржы көлемі артып келе жатқанын айтты.


ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ – ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

 Көктемгі дала жұмыстары басталған уақытта ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қаржыландыру мәселесіне келіп тіркелеміз. Бүгінгі таңда бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы тапсырма беріп, көктемгі дала жұмыстарына берілетін қаржыны 1 трлнға дейін жеткізу жөнінде тапсырма берген. 3-4 жыл бұрын бұл қаржы бүкіл республика бойынша 140 млрд теңгені құрайтын. Яғни ол жетіспейтін. Бүгінде бұл мәселе қолдау тауып, осы жылдың өзінде көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаржы 750 млрдқа жетті.


 Ал Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы білім және адами капитал мәселесіне тоқталып, ұстаздардың мәртебесін көтеру отбасындағы тәрбиеден басталатынын жеткізді. Мұнан кейін республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Жалағаш ауданының халқымен кездесті. Жүздесуде келесі жылдан бастап әлеуметтік төлем тұрғындардың мұқтаждығына қарай тағайындалатыны, жоба алдымен пилоттық түрде жүзеге асырылатыны айтылды. 


ЕРБОЛ ТҰЯҚБАЕВ – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Әлеуметтік көмектер бойынша көптеген талқылаулар болды қоғам арасында. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ол көмектер шын мұқтаж адамдарға бағытталуы керек. Қазір министрліктегі жұмысты қарастырып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, кезеңі-кезеңіміен пилоттық жоба ретінде келесі жылы бастаймыз. Басты мақсатымыз – еліміздегі мұқтаж адамдар мемлекеттен көмек алу керек.Өз-өзін қамтамасыз ететін, жұмыс істей алатн адамдар мемлекетке қол жайып отырғаны дұрыс емес.


 Бүгінде ауылшаруашылығы саласында дәнді-дақылды терең өңдеу бағыты – басты назарда. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту да маңызды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі аясында арзандатылған несие беру арқылы Қызылорда облысында 800 басқа арналған сүт тауарлы ферма құрылысы аяқталуға жақын екенін айтты. 


 ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ – ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

 Қызылорда облысында кешенді шаралар қабылданды. Ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, күріш дақылы монодақыл болып келсе, енді жүгері мен сояны егуді қолға алып жатыр. Жаңақорған ауданында мақтаны егу қолға алынуда. Мұны Мемлекет басшысы жолдауында атап көрсетті. Қызылорда облысы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері осы бағытта жұмыс жасап жатыр.


Жиында Жолдауда айтылған өзге де басым бағыттар түсіндіріліп, тұрғындар өз пікірлерін білдірді. 

Бөлісу