Эпидемиологиялық ахуал сараланды
#qyzylordatv
Өңірде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 нозология бойынша сырқаттанушылық деңгейі төмендеді. Бірақ санитариялық-эпидемиологиялық ахуал барлық көрсеткіш бойынша оңды деп айту қиын. Мәселен, тыныс жолдарының анықталмаған жіті жұқпасы 29 пайызға өсіп отыр. Туберкулез аурушаңдығы республикалық көрсеткіштен едәуір көп. Саладағы осы және өзге де өзекті мәселелер алқа отырысында таразыланды.
Өңірде биыл жұқпалы аурулардың 58 түрі бойынша сырқаттану дерегі тіркелді. Соның ішінде 13 нозология бойынша аурушаңдықтың өсу тенденциясы байқалады. Алаңдатарлығы, балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезге шалдыққандардың қатары күрт көбейген. Тіркелген инфекциялардың 27 пайызы жұқпалы сипатқа ие. Аймақта ішек инфекциялары да азаймай отыр.
ЕРЛАН ҰЗАҚБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жіті ішек инфекциясы республикалық орташа көрсеткішінен тұрақты жоғары және үнемі алғашқы бестікте. Қазақстан Республикасы көлемінде ЖІИ 10196 жағдайы тіркеліп, аурушандық көрсеткіш (49,7) өткен жылмен салыстырғанда 1,55% төмендеген. Қызылорда облысы бойынша аурушандық көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен 1,8 есеге жоғары денгейде қалыптасып, Жетісу, Ақтөбе облыстары және Астана, Шымкент қалаларынан кейінгі 5 орынды иеленуде...
Өңірде конго-қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделі. Жыл басынан бері 12 тұрғыннан осы дерттің нақты белгісі анықталып, бір жағдай өліммен аяқталды. Аурудың алдын алу мақсатында облыстағы 74 қолайсыз елді мекенде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген. Алайда одан нақты нәтиже болмай отыр. Кері көрсеткіш жыл сайын ұлғайып келеді. Аймақта сарып инфекциясын жұқтырғандардың да қатары артқан.
Алқа отырысында барлығы ашық айтылуы тиіс. Ауруын жасырғанның кері белгілі. Сондықтан, өңірдің бас эпидемиологиялық дәрігері қала мен барлық ауданның көрсеткішін жіті талдап, кемшілік кеткен тұстарды толықтыруға тапсырма берді. Шыны керек, түрлі инфекцияларды дер кезінде ауыздықтау оңай шаруа емес. Бүгінде аймақта осы салада 200-ге жуық маман еңбек етуде. Олардың әр әрекеті маңызды. Сондықтан жиын соңында тындырымды тірлігімен дараланған сала үздіктеріне құрмет көрсетілді.