Негізгі Жаңалықтар Еңбек ерінің есімі ұлықталды

Еңбек ерінің есімі ұлықталды

#qyzylordatv 

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған дала академигі Ыбырай Жақаевтың туғанына биыл – 135 жыл. Ал, даңғайыр дихан атындағы күріш өсіру тарихы музейінің құрылғанына 45 жыл болды. Қазақ мұндайда қос тойың қабат келді, - деп жақсылыққа балап жатады. Сондықтан берекелі күзде шежірелі Шиелі ауданында еңбегімен ер атанған тұлғаның есімі ұлықталды.


 Шыр етіп дүниеге келгеннен шырағың сөнгенше өз ізіңді қалдыра алсаң, ғұмыр дәуреннің босқа өтпегені. Даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев сол қапысыз ғұмыр кешкен бүтін болмыстың бірі еді. Дала академигі жарық дүниемен қош айтысқанына жарты ғасырға таяды. Бірақ, есімі ел есінен өшкен жоқ. Шиелілік жұртшылық даңқты диханның туған ауылындағы ескерткіш маңына жиылып, рухына құран бағыштады. Мұнан соң меймандар қайта жаңғыртудан өткен Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Музейде атақты күрішшінің өз қолымен ұстаған еңбек құралдарынан бастап, өмір жолына қатысты құнды жәдігерлер сақталған. 


 Мерейтойлық шара өңір ғалымдарының басын қосқан ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Ыбырай Жақаев – еңбекшіл қауымның феномені атанған тарихи тұлға. Дала академигі 1947 жылы күріштің әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд орнатты. Шыны керек қазір күріш пен күрмекті, дұрыс пен дүрмекті ажырата білмейтін буын өсіп келеді. Ал, дән атасының дипломы болмаса да, дала сырын демінен сезген. Осы күні агросалада жаңалық деп желпінген көп дүниені Жақаевтар жасап кетті. Бұл біздің пайым емес, талай күріш сортын өндіріске енгізген зерделі ғалым пікірі. 


Жиында жергілікті ғалымдар осындай құнды жаңалықтармен бөлісті. Мәселен, тұқымды себу алдында күнге қыздыру, көңге бөктіру және тыңайтқышты егістікке енгізу секілді Ыбырай Жақаев қолданған әдістемелер айтылды. Бұл тәсілдердің біршамасы әлі күнге дейін өндірісте қолданылады. Конференция барысында Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев дән атасымен жүздескен сәтін тебіреніспен жеткізді. Ол шақта зерделі ғалым ойын қуып жүрген бала болыпты. Енді міне уақыт диірмені зыр айналғанда алтын басына ақ қонған асқар тауға айналып отыр. 


 Тағылымды шара барысында «Жұлдызы жарық Шиелі» атты жаңа жинақтың тұсауы кесілді. Шежірелі өлкенің өткені мен бүгіні қамтылған кітап белгілі журналист Нұрмахан Елтайдың жетекшілігімен жарық көрді. 


Осылайша дән атасы Ыбырай Жақаевтың 135 жылдық мерейтойы тағылыммен тойланды.  


Бөлісу