Негізгі Жаңалықтар Еңбекпен өрілген ғұмыр

Еңбекпен өрілген ғұмыр

#qyzylordatv 

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің туғанына - 100 жыл. Осыған орай облыс орталығында «Еңбекпен өрілген ғұмыр» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиында саналы ғұмырын туған жердің дамуына арнаған арда азамат туралы естеліктер айтылып, өткеннен сыр шертілді. 


 Соғыс және еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің есімі бүгінде ел есінде. Қабырғалы қайраткер халықтың мұң-мұқтажын ойлап, туған жерді түлетті. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосты. Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет бірнеше ауылды басқарып, игі істердің ұйытқысы болған іскер азамат, білікті басшының өмір жолына тоқталды. 


 Алдаберген Бисенов Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» кеңшарын басқарған тұста егіс көлемін 2 мың гектарға арттырып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылдың ахуалын жақсартып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын түзетті. Ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы 1972 жылы Сырдария ауданына қарасты «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы совхозға директор болып тағайындалды. Кенжелеп қалған ауылды аяққа тұрғызып, елді мекеннің өрісін кеңейтті. Су тапшылығына қарамастан 3 мың гектарға күріш егіп, 48 центнерден өнім алды. Асыл тұқымды мал өсіріп, ет, сүт өндіру ісін жолға қойды. 


 Конференцияда сөз алған ел ағалары «Бисенов әрбір іске байыппен қарайтын, халықтың қамын ойлайтын. Қиындықтан қашпайтын, жаңашыл жобаларды бастайтын іскер азамат еді» деп еске алды. 


Жиында осылайша ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, соғыс және еңбек ардагері туралы терең пайым, орамды ой, есті естеліктер айтылды. Өскелең ұрпақ өнегелі ғұмыр иесінің өмір жолынан тағлым алды. 


Бөлісу