IT өнімдер байқауы
#qyzylordatv
21 ғасыр ¬- жаңа ақпараттық технологиялар кезеңі. Сондықтан жасанды интеллектіні меңгерген жастар заман ағымына ілесіп, тың жобаларды қазақ тілінде жүзеге асыруға құштар. Қызылордада ерекше қабілетті, таным көкжиегі кең, озық ойлы жастарды қолдау үшін «Қазақ тілін қолдануға арналған IT өнімдері» облыстық байқауы өтті.
Ана тіліндегі платформалар, ойындар мен технологиялық өнімдер қатары қазір көбейіп келеді. Дегенмен, цифрлық кеңістікте қазақ тілінің мәтіндік құрылымы толық емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өнертапқыштар арасында байқау өтті.
ІТ жобалар байқауына 40-тан аса жас қатысты. Олар қазақ тіліндегі түрлі ойындар мен көмекші құралдар құрастырған. Тіпті, арасында платформалар да таралып, бүгінде қолданысқа енген жобалар бар.
Қазылар алқасы жобаларда тілдің қолданысына, тазалығына, графикасына аса мән берді. Айтуларынша, «жастар қазақ тілінің аясын кеңейту мақсатында мықты ойындар ойлап тапқан», дейді.
Инновациялық жобалар қазақ тілінің көкжиегін кеңейтіп, цифрлық ортада қолдануға мүмкіндік береді. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқау өнертапқыштарға қол ұшын созатын бастама. Айта кетейік, байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды.