Негізгі Жаңалықтар Суретшілер симпозиумы: Қылқалам шеберлеріне құрмет көрсетілді

Суретшілер симпозиумы: Қылқалам шеберлеріне құрмет көрсетілді

#qyzylordatv 

Қазақстанның халық суретшісі, кескіндеме шебері Сахи Романовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық суретшілер симпозиумы мәресіне жетті. Достық үйінде өткен шарада қылқалам шеберлерінің шығармаларынан көрме жасақталып, 50 туынды ел назарына ұсынылды. 


Қылқалам арқылы табиғаттың сұлулығын, өмірдің боямасыз бейнесін көркем жеткізе алатын суретшінің бірі – Әділғали Баяндин. Өнер иесінің «Кино.Сурет.Сахи» атты бұл туындысы симпозиум қарсаңында жазылыпты. «Шығармаларымда Сыр елінің келбетін жылы түстермен бейнеледім. Бұл менің мақсатым еді» дейді өнер иесі.


ӘДІЛҒАЛИ БАЯНДИН – ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ

 Сыр елі суретшілерінің жұмыстарын бала кезімнен көріп, суретші болсам деп армандадым. С.Романов, Айтбай, Қ.Закиров ағамызды. Сол арманым орындалды. Сыр елінің суретшілерімен иық тіресе жұмыс істеп, өзімнің білетінімді жастарға айттым. 1.09 Сыр еліне келем дегеннен кейін үлкен көлемде Сахи Романовтың портретін жаздым. Бұл портретімде С.Романовты кино аппаратының жанында, киіз үй, жылқылар, түйелер бәрін байланыстырып этюднигін жаздым. Картинаның аты «Кино. Сурет. Сахи» деп аталады.  


Сыр перзенті Сахи Романов – қазақтың бейнелеу өнерінде, кинемотография саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты тұлға. Шығармашылық жолын «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-суретші әрі костюм суретшісі ретінде бастаған ол ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты. 


 МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Сахи Романов өз дәуірінің тынысын, халқымыздың болмысын, туған жердің табиғатын, адам жанының көркемдігін жеткізе білген суреткер. Оның шығармашылығы ұлттық дүниетаным мен көркемдік ізденістің, шынайылық пен суреткерлік шынайылықтың жарқын үлгісі.


Суретшінің 100 жылдығына орай өткен шығармашылық шараға еліміздің әр аймағынан 20 кәсіби суретші арнайы қатысып, Сыр елінің тарихы мен табиғатын бейнеледі, өзара тәжірибе алмасты. Шарада кәсіби суретшілер қаржылай сыйақымен, алғыс хаттармен марапатталды.


ӨМІРБЕК ЖҰБАНИЯЗОВ – ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

 Сахи ағамыз да Қазақстанның бейнелеу өнерінің классикалық тұрғыда қалыптастырған тұға. Біз солардың екпінімен келе жатырмыз. Барша суретшілер осындай сипозиумда ерекше әдісі, қолтаңбасымен танысып, тәжірибе алмасады. Жиырма суретші қатысса, бір тақырыпта 20 түрлі көрсетеді, әрқайсының өзіндік көзқарасы бар.


 Симпозиумге қатысқан суретшілердің туындылары бірінен-бірі өтеді. Көрмеге жиналған көпшілік Сырдың сұлулығына, көркем өнерді бір бойына жинаған суретшілердің шеберлігіне тамсанды. Көрмені аралай жүріп, жусан аңқыған құм дала, мамыражай тірлік кешкен адамдар, қарапайым көріністердің өзі ыстық көрінетін ауыл өмірін сезіндік. Зәулім ғимараттары менмұндалаған қала тынысын байқадық.  

Бөлісу