Облыстық шығармашылық байқау қорытындыланды
#qyzylordatv
Көрнекті ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ағартушы мұрасы – жастар көзімен» атты облыстық шығармашылық байқау қорытындыланды.
Білім алушылардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамыту, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасын және білім мен тәрбие құндылықтарын жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ студенттердің медиасаладағы тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік жасайтын байқауды Қалқабай Әбенов атындағы қоғамдық қор, облыстық ішкі саясат басқармасы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп ұйымдастырды. Шығармашылық сайысқа өңірдегі жоғары оқу орындарының 1-4 курс студенттері қатысып, қазіргі қоғамдағы білім, тәрбие және ағарту мәселелері бойынша бейнематериал және сараптамалық мақалаларын ұсынды. Қатысушылар авторлық жұмыстарын «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» тұжырымдамаларымен сабақтастырған. Нәтижесінде, «бейнематериал» номинациясы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Жасанды интеллект институты, AIST-26-1 оқу тобының студенттері бірінші орынға ие болды. Ал, «Сараптамалық мақала» аталымы бойынша «Журналистика» білім беру бағдарламасы, Ж-26-3 оқу тобының студенттері үздік атанды. Облыстық байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйақы мен арнайы диплом табысталды.