Туған жерді түлеткен тұлға
#qyzylordatv
«Туған жерді түлеткен тұлға». Бұл Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Жақсыбай Жәкеевке елдің берген бағасы. Саналы ғұмырын аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына арнаған еңбек ардагері биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Жосалыны жаңартып, жаңа ғимараттар тұрғызған, сәулетіне сән беріп, Қармақшыға қолтаңбасын қалдырған құрылысшы һәм сәулетші туралы келесі бейнематериалда.
Қармақшы ауданында дүниеге келген Жақсыбай Малбағарұлы саналы ғұмырын туған жердің дамуына, өңірдің өркендеуіне арнады. Еңбек жолын сәулетші болып бастаған ол ұзақ жылдар құрылыс саласында жұмыс істеді. Ауданның бас архитекторы, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы, кент әкімі қызметтерін атқарды. Жақсыбай Жәкеев Жосалыда әкім болған тұста бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерді, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі кезең кезеңімен шешімін тапты.
Жақсыбай Малбағарұлының тағы бір игі ісі, Октябрь елді мекенінің атын Иіркөл деп өзгертуге атсалысты. Қармақшыдағы Қорқыт ата ескерткішінің орнын белгілеу жұмыстарының да басы-қасында жүрді. Құрылыс саласының маманы зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, елдік істердің ұйытқысы болды. Қазыналы қариялармен бірге патриоттық іс-шаралар өткізіп, жастар тәрбиесіне үлес қосты. Сонымен қатар, қоғамдық медиатор ретінде ел ішіндегі түйінді түйткілдер мен дау-дамайларды шешуге атсалысты. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде де қоғамдық келісім мен татулықты ту етіп келеді.
Жақсыбай Жәкеев қазіргі күні қала әкімдігі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарады. Сексен жылдық мерейтой қарсаңында еңбек ардагерінің «Ғұмыр жолы ғибрат» атты кітабының тұсауы кесілді. Жаңа жинақ тарихқа тағылым, өткенге өнеге, болашаққа бағдар болары хақ.