Әскери бөлімге тексеріс басталды
#qyzylordatv
Ұлттық ұлан әскері еліміздің қауіпсіздік қалқаны саналады. Сондықтан сап түзеген сарбаздар үнемі жауынгерлік дайындықта болуы маңызды. Осы орайда, облыс орталығындағы 55-те 47 әскери бөлімінде инспекторлық тексеріс басталды. Яғни, орталық қолбасшылықтан келген білікті мамандар алдағы 3 күн бойы әскери бөлім жұмысын жан-жақты сараламақ. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.
Әскери бөлімдерге инспекторлық тексеріс 4 жылда бір жүргізіледі. Бұл жолы сынақ қабылдауға ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бекайдар Қазкеев бастаған 14 офицер арнайы келді. Тәжірибелі мамандар әскери қызметшілердің жауынгерлік және қызметтік даярлығын түгелдей тексермек. Бағамдасақ, бұл сала мамандары үшін ағымдық жұмыстың сыны ғана емес, Отан алдындағы борышқа адалдықтың айқындалар сәті.
Инспекторлық тексеріс тек жауынгерлерді емес, бөлім басшылығы мен офицерлер құрамын да қамтиды. Олардың басқару шеберлігі мен тактикалық жедел шешім қабылдау қабілеті де сынға түспек. Бір сөзбен, саптық қараудан басталған сынақ физикалық дайындыққа дейін ұласып, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі бүге-шүгесіне дейін талданбақ.
55/47 әскери бөлімі ұлттық ұланға қарасты еліміздегі ең іргелі құрылымның бірі. Әскери бөлімнің құрылғанына биыл 17 жыл болды. Осы аралықта 7 мыңнан астам сарбаз Отан алдындағы борышын өтеген. Айта кетейік, саптық қарауға аталмыш бөлімнен мыңға жуық әскери қызметкер мен сарбаз қатысты. Енді олар алдағы 3 күн бойы кәсіби білігін жан-жақты дәлелдеуі тиіс. Ал тексеріс қорытындысы бойынша нәтижелер терең талданып, алдағы оқу кезеңіне нақты ұсыныстар беріледі.