Негізгі Жаңалықтар Республикалық турнир өтті

Республикалық турнир өтті

#qyzylordatv 

Жалағаш ауданында соғыс және еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен 300-ден астам дзюдошы қатысып, татамиде бақ сынасты.


 Соғыс оты тұтанған қарбалас кезеңде жас та, жасамыс та майдан даласына аттанғаны белгілі. Сындарлы сәтте Мөрәлі Шәменов те Отан қорғауға аттанып, 7 жыл уақытын от пен өрттің ортасында өткізді. Яғни, 1939-1945 жылдары Кеңес-фин соғысына, Ұлы Отан соғысындағы кескілескен ұрыстарға қатысады. Жау әскерін тойтаруда ерекше көзге түсті. Ал, соғыстан кейін Германияның ірі орталықтарының бірі Бойценбург қаласының коменданты қызметін атқарды. Міне, шарада аудан әкімі естелік әңгімелер айтып, арда азаматтың өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етті.


 ЕРЛАН ТӨРӘЛИЕВ – АУДАН ӘКІМІ 

Мөрәлі Шәменовтың өмір жолы ерлік пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. 1939 жылы әскер қатарына шақыртылып, кеңес-фин және Ұлы Отан соғыстарына қатысқан. Әскери барлаушы ретінде майданның алғы шебінде жүріп, отан қорғау жолында ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. 


 Ерен тұлға ерліктен кейін елге оралып, еңбектің қазанында қайнады. Көзкөргендердің сөзінше соғыстан кейін шаруасы шатқаяқтаған Молотов колхозын аяққа тұрғызып, елдің еңсесін тіктеген. 


 САДЫҚ ӘЛИЕВ – АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ 

 4 колхоздың басын біріктіріп, үлкен шаруашылыққа айналдырып, соны 20 жылдай басқарды. Ол кісінің сол кезде халыққа жасаған жағдайы, істеген істері, жұмыс ұйымдастыруы, 20 жыл өткеннен кейін ғана басқа жерлерде жүзеге аса бастады. Көше мәдениеті, үйді дұрыстап көше-көше қылып салу, сосын мал шаруашылығын механикаландыру, сауынды машинамен сауу, оған азықтың бәрін механизіммен беру секілді мәселелерді ұйымдастырды. 


 Дәстүрлі түрде өтетін турнирдің тарихы тереңде. 2000 жылы бастау алған дода биыл 26-шы рет байрағын желбіретіп отыр. Республикалық бәйгеге 2011-2012 жылы туылған 300-ден аса жасөспірім қатысты. Ал, олардың білек күші мен айла амалы сыналатын сайысқа жоғары дәрежедегі төрешілер тартылған. 


ҚАЙРАТ ТӨЛЕНОВ – БАС ТӨРЕШІ 

Ең бастысы ауданның, обыс спортшыларына өте үлкен өздерінің шеберліктерін шыңдауға осында мүмкіндік туады. Өйткені осы ауданда өтседе Астана, Шымкент және түрлі қалалардан Қазақстанның мықты спортшылары кездесіп, мүмкіндік туады өз өнерлерін көрсетуге. 


Еліміздің әр өңірінен келген спортшылар 13 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Жарысқа қатысушалардың бірі – Нияз Нұрғали. Ол үш кездесуде қарсыластарын жеңіп, жартылай кезеңге жолдама алды. 


 Сонымен екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Қызылорда қаласы бірінші орынды жеңіп алды. Айта кетейік, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағын алады. 

Бөлісу