Негізгі Жаңалықтар «Әкелер одағы» энергетиктерге толық тыйым салуды талап етті

«Әкелер одағы» энергетиктерге толық тыйым салуды талап етті

#qyzylordatv 

«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетиктерді өндіру, импорттау және сатуды тоқтату керек деп дабыл қақты. Зияны мен салдары күнде айтылса да, неге бұл сусындардың саудасы қызып тұр? Мамандар не дейді? Халықтың пікірі қандай? 


 2025 жылдан бастап Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды. 2026 жылдан бастап бұл сусындарға акциз салынады. Біз бұл шараларды жеткіліксіз санаймыз.


Бұл шаралар нарықты реттеуге сеп болғанымен, энергетикалық сусындардан төнетін қауіптің бетін қайтармайды. Өйткені уақытша сергектік сыйлайтын сусын күнделікті өміріміздің үйреншікті бір бөлігіне айналып барады. Осылай деп арызын айтқан «Әкелер одағы» энергетикалық сусындарды өндіру, импорттау және сатуды тоқтату керек деп петиция жариялады.


 БЕКДАЙЫР НЫҒМЕТҰЛЫ – «ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ» РҚБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас кезіндегі инфаркт және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр


Көлемі шамамен 400 мл болатын кейбір энергетикалық сусындардың құрамында 100 грамға дейін қант болады. Бұл нормадан әлдеқайда жоғары. Оған кофеин және түрлі стимуляторларды қосыңыз. Олар уақытша энергия мен зейінділікті арттыруы мүмкін. Бірақ жиі тұтыну ұйқының бұзылуына, жүрек соғысының жиілеуіне, қан қысымының көтерілуіне және тәуелділікке әкеп соғады. Бұдан хабары бар халық әкелердің бастамасын қолдап отыр


 Кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусын сатуға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, мектеп оқушылары арасында оларды тұтыну деңгейі күн сайын артып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 11 мен 15 жас аралығындағы ұл-қыздардың 20 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын, ал 3 пайызы күн сайын ішетінін мойындаған. Ересектерді айтпаса да түсінікті.

Бөлісу