Негізгі Жаңалықтар Үйдегі шеберхана үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ

Үйдегі шеберхана үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ

#qyzylordatv 

Көптің сұранысына ие, сәні мен сапасы үйлескен дүниелердің бәрі бірдей арнайы цех, алып кәсіпорында жасала бермейді. Айталық, облыс орталығында көпбалалы ана қолөнер бұйымдарын өз үйіндегі шағын шеберхасында дайындайды. Шеберлік пен ізденісті ұштастырған тігіншінің жұмысымен тілшіміз танысты.


Сән мен стильді үйлестірген Нұргүл Сақтапованың негізгі мамандығы – балабақша тәрбиешісі. Әдемі дүниелерді бірден байқайтын, көркем бұйым жасаудың шебері кейінгі жылдары тігіншілікке ден қойды. Қым қуыт тірлік бір сәт саябырсып, шаруадан қолы қалт еткенде осы шағын шеберханасына аялдап, көздің жауын алар небір дүниелерді дайындайды.


 НҰРГҮЛ САҚТАПОВА – ТІГІНШІ

163-7977 Қазір балалар қазақша киімді көп киеді. Мынау қызыма тіккен күздік шапанымыз. Тапсырыстар осындай шапандарға көп түседі. Мынау ер адамдарға арналған шапанымыз. Алдында және арқасында кестеленген оюы бар. Дизайнын пинтерестен алып, өз ойымды қосып дайындаймын.


 Шебердің үйдегі бір бөлмені жұмыс істеуге ыңғайлап, шеберхананы жасақтағанына 2 жылға жуықтапты. Ал тігінмен айналыса бастағанда мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантқа ие болып, қолөнерге керек бұйымдарды сатып алды. Айта кетерлігі, кейіпкеріміздің жолдасы информатика пәнінің мұғалімі. Қазіргідей сән әлемінің өзі цифрланған тұста киімнің электронды дизайнын дайындауға отағасы көмектеседі екен.


 НҰРГҮЛ САҚТАПОВА – ТІГІНШІ

Қайтарымсыз гранттың нәтижесінде алынған вышивка машина. Қазір кестелеу машинасы көптеген тігіншінің көмекшісіне айналды. Мектеп оқушыларына арналған жакетке шаңырақ пен қыран бейнеленген кестені салып жатырмыз. Машинаның экраны сенсорный, бұл жерде оюдың өлшемі, қанша уақытта жасалынады, неше түсті жіп кетеді, барлығы көрініп тұрады.


 АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

 Тігіншінің жасаған дүниесіне қарап, оның шеберлігін ғана емес, әдемілікке деген көзқарасын, тарихты қаншалықты білетінін аңғаруға болады. Біздің кейіпкеріміздің шағын шеберханасында осындай кітап сөресі бар екен. Мұның ішінде Абайдың қара сөздері, көркем әдеби кітаптардың бірнеше түрі, бала психологиясына қатысты кітаптардың бар екенін байқадық.


 НҰРГҮЛ САҚТАПОВА – ТІГІНШІ

 Көпбалалы аналар қаласа да қаламаса да уақытын жоспарлап үйренеді. Менде ең бірінші кезекте балаларымның жағдайы. Мектепке жіберіп, тамақтарын дайындағаннан кейін өзіме арналған 2-3 сағат болады. Сол кезде тігінмен айналысамын, брошкілер дайындаймын.


 Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда. Бұған бес баласы болса да, тігін саласына бет бұрған кейіпкеріміз дәлел. Нұргүл Әділханқызы – ателье ашпай-ақ шын шебердің жұмысына сұраныстың бар екенін дәлелдеген маман. Кейіпкеріміз қандай дүние дайындаса да ұлттық нақыштармен әрлеп, қазақы өң беруге тырысады. Тапсырыстың көптігін емес, көңілден шығатындай сапалы болуын ескереді. Елдің шаруасына елеңдеп, әрбір дүниеге тиянақты қарайтын тігіншінің жұмысынан соны ұқтық.

Бөлісу