«Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
#qyzylordatv
Қазалы ауданында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытындағы «Қыс-2026» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараның алғашқы күні азаматтық қорғау қызметтерінің саптық байқауымен ашылды. Оған өрт сөндіру, құтқару, полиция, жедел медициналық жәрдем және коммуналдық сала мамандарынан құралған 398 қызметкер мен 114 арнайы техника жұмылдырылды. Байқау барысында жеке құрамның даярлығы тексеріліп, төтенше жағдай туындаған сәттегі халықты құлақтандыру, өзара ақпарат алмасу және авариялық-құтқару күштерінің жедел әрекет ету тетіктері нақтыланды.
Оқу-жаттығудың үш бөлімнен тұратын практикалық кезеңінде қызметтердің бірлескен іс-қимылы сынға түсті. Бірінші кезеңде республикалық маңызы бар автожол бойында ірі жол-көлік оқиғасының салдарын жою алгоритмі пысықталды. Полиция, құтқарушылар және медицина мамандары зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, эвакуациялау жұмыстарын жедел ұйымдастырды. Екінші кезеңде қолайсыз ауа райы мен боран кезінде мал іздеуге шығып, адасып кеткен екі тұрғынды іздестіру-құтқару шаралары өткізілді. Құтқарушылар, дәрігерлер және еріктілер бірлесе отырып, азаматтарды аман-есен тауып, қауіпсіз аймаққа жеткізді.
Оқу-жаттығудың практикалық бөлімі ертең жалғасады.