Жаңақорған ауданындағы Қожакент ауылдық округінде спорт кешені ашылды. Жаңа нысанға еңбек ардагері Ергеш Үсеновтің аты берілді, деп хабарлайды "Қызылорда" телеарнасы.

Ергеш Үсенұлы 1933 жылы Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылында дүниеге келген. «Қолынан кетпені түспеген қарапайым еңбек адамының атқарған ісі дара еді» дейді ауылдастары. Ал, спорт кешенін салып берген еңбек ардагерінің баласы Изатулла Үсенов.

ИЗАТУЛЛА ҮСЕНОВ – КӘСІПКЕР

"Ергеш әкеміздің өз уақытында осы елді-мекенді тұрақтандырып, осы совхозды құрады. Әкенің жақсылығы, балаға 40 жыл азық дейді. Сол үшінде әкемізбен мақтанамыз. Енді 5 айдың көлемінде осы спорт кешені салынды. Мұнда теннис залы, бильярдный зал, шағын футбол алаңы бар. Енді мықты бапкерлер болса, талай жеңімпаздар шығады деген үміттеміз."

МҰРАТ ТІЛЕУІМБЕТОВ – АУДАН ӘКІМІ

"Соңғы жылдары ауданымызда 12 спорт кешені бой көтерді. Соның ішінде жеке қаражат көздерінен 5 спорттық нысан ашылып, ел игілігуіне берілуіде. Бұл спорттық кешен дені сау ұрпақ, жарқын болашақтың кепілі ұранын ұстанған кәсіпкер, меценат Үсенов Изатулла Ергешұлының демеушілігімен бой көтерді. Спорттық нысан заманауи талаптарға сай салынған. Аталған нысанда 200 жасөспірім спортпен шұғылданып, 12 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етілетін болады."

Спорт кешені ашылған бойда ересектер арасында шағын футболдан облыстық және қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталып кетті. Ал, ауылдық мәдениет үйінде Ергеш Үсеновтің 90 жылдығына орай «Ел ардақтысы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Екі кезеңнен тұратын жыр мүшәйрасында 10 ақын алдымен Ергеш Үсенұлына арнаған өлеңдерін оқыды. Ал келесі кезеңде қазақ ақындарының шығармаларын жатқа айтты. Осылайша, елмен етене араласқан азаматтың өмір жолы өлеңмен өрнектелді.