#qyzylordatv

Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында дзюдодан республикалық ашық турнир өтті. Жасөспірімдер арасындағы айтулы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық спортшы қатысты.

«Абзал и К» толық серіктестігінің жүлдесіне арналған ашық турнир биыл он төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Республикалық жарысқа еліміздің 6 облысы мен 2 қаласынан барлығы 18 команда қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен облыстық дене-шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев жарыстың маңызы мен мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Үлгілі ауылдың төрінде ұйымдастырылған бәсеке жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп келеді, дейді төрешілер.

 Ұлдар бес салмақта өзара мықтыны анықтаса, бұрымдылар да бес салмақ дәрежесінде бақ сынады. Алдағы уақытта бұл турнир халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы мүмкін.

Турнир жеңімпаздары демеушілердің бағалы сыйлықтары және арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атағы берілді.