#qyzylordatv
Облыстық полиция департаменті 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр - Жеңіс күні орай салтанатты іс-шара өткізді. Мерекелік жиында ел тыныштығын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мінсіз қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшылары мен сала ардагерлері марапатталды.
Салтанатты шарада облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мемлекеттік туға бой түзеп, гимн орындады. Жеңіс үшін жау оғына кеудесін тосқан майдангерлер мен қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Ерлік - елге мұра, ұрпаққа үлгі». Иә, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батыр бабалардың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Облыстық полиция департаменті жаужүрек жауынгерлердің есімін жаңғырту мақсатында бір апта көлемінде түрлі іс-шаралар өткізді. Атап айтсақ, полиция қызметкерлері соғыс жылдарында жазылған өлеңдерді оқып, рухани кемелденсе, велошеруге қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастарды. Мерекелік іс-шара орталық алаңда өткен жиында қорытындыланды. Облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов сала ардагерлерімен қызметкерлерді мерекемен құттықтап, игі лебізін жеткізді.
Жиында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мен сала ардагерлері марапатталды. Құрмет төрінен көрінгендердің бірі Шиелі аудандық полиция бөлімі ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы Ерболат Төлбаев. Жиырма жылға жуық тәжірибесі бар қырағы тәртіп сақшысына полиция подполковнигі шені табысталды.
Салтанатты шараға облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов қатысып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагерлерді марапаттады.
Мерекелік жиында арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік төбелестің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, тұрғнылдарға ерекше әсер сыйлады. Ал, қызметімен қатар өнерді де қатар алып жүрген тәртіп сақшылары патриоттық әндер шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.