Облыста тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өзекті болып отыр. Өңірдегі полигондар мерзімінен бұрын толып қалудың аз-ақ алдында тұр. Бұл мәселе өңірге жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың көпшілікпен кездесуінде көтерілді. Сондай-ақ, жиында балық шаруашылығы мен Арал теңізінің ұлтанын көгалдандыруға бағытталған жобалар жайы сөз болды, деп хабарлайды "Қызылорда" телеарнасы.
Аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды төгуге арналған 145 жер учаскесі бар. Соның 7-еуі ғана экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Өткен 9 айда облыста 126 мың тонна қоқыс жиналса, оның небәрі 27 пайызы ғана қайта өңделген. Бұл мәселе күн өткен сайын күрделеніп барады. Бұл проблеманы шешу үшін министрлік пен жергілікті әкімдік бірлесіп, инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ – ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ

"Халық саны көбейіп жатыр. Тұрмыстық қалдық әрине көбейіп жатыр. Алдағы уақытта облыс бізге инвестициялық жобаны әзірлеп береді. Біз «Жасыл даму» тарапынан тұрмыстық қалдықтарды шешуге арналған тиісті жобаны жүзеге асыруға арзандатылған несие 3 пайызбен 15 жылға дейін береміз деп келістік. Тұрмыстық қалдықтар ең күрделі мәселе. Соны біз бірлесіп шешеміз деп келістік."

Сондай-ақ, жиында мұнай қалдығын жою, орманшылардың жалақысын ұлғайту, балық шаруашылығын жандандыру сынды мәселелер кеңінен талқыланды.

"Қазіргі кезде кіші Арал теңізінің 60 процет жерінде теңіздің байырғы балықтары уылдырық шаша алмай жатыр. шашқан уылдырығы өліп қалып тұр. 30 процент жерінде аралдың баяғы балықтары өмір сүре алмай жатыр. 00:42-/ енді осылай болып тұра беретін болса, Кіші Арал теңізінде балықтар өмір сүре алмайтын болады."

Министр аталған мәселені ғылыми тұрғыдан тереңірек талдау керектігін айтты. Сондай-ақ, ол еліміздегі балық шаруашылығын дамытуға байланысты субсидиялаудың жаңа әдісі әзірленіп жатқанын жеткізді.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ – ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ

"Мысалға, жерден су қазып, тоғанда балық өсірсе, судың құнын 80 пайызға дейін көтеріп алады мемлекет өз мойнына. Сосын мына 2,5 пайызбен жеңілтетілген несие беру жайы заң жобасында белгіленген."

Басқосудан соң Ерлан Нысанбаев жеке қабылдау өткізді. Министр тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың барлығы ескерусіз қалмайтынын айтты.