Биыл Шиеліде тозығы жеткен электр сымдары жаңартылып, жаңадан трансформаторлар орнатылады. Аудан әкімі Нұржан Ахатов журналистерге арналған брифингте тағы қандай жаңалықтармен бөліскенін тілшіміз айтсын.

Сәл жел тұрса, не жауын жауса жарығы жалп етіп өшіп қалатын ауылдар Шиеліде де бар. Өйткені ауданда электр желісінің 78 пайызы тозған.

НҰРЖАН АХАТОВ – ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМ //Қазіргі кезде түгендеу жұмыстарын жүргізіп қойдық. Оның ішінде 490 КТПН бар екен. Оның 188-і ғана аудандық КРЭК-тің балансында. Қалғаны әртүрлі мекемелердің балансында. Сондықтан барлығын крэкке алу үшін жұмыстар жасап жатырмыз. Халықтың көтеріп жүрген мәселесі орынды. Екінші кезеңге жобалық сметалық құжаттарымызды демеушілер есебінен дайындап отырмыз. Бұл 990 млн теңге. Бұны жыл аяғына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.//

Көгілдір отын мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Осы айдың аяғында Ортақшыл мен Жансейіт елді-мекені газға қосылады. Сондай-ақ, Тартоғай елді-мекенінің тұсында «Мұстафа Шоқай» автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталады.

НҰРЖАН АХАТОВ – ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМ // Ауданның газбен қамту көрсеткіші 80 пайызды құрап отыр. Екінші этап бұл «Мұстафа Шоқай» автоматты газ реттегішін толық бітіргеннен кейін сотүстіктегі Балаби, Жөлек, Бәйгеқұм, Майлытоғай, Сұлутөбе, Бірлестік елді-мекендерді екінші этаппен газдандыру мәселесі қолға алынатын болады.//

Ал «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 8 шақырымын жөндеуге Ұлттық қордан 466 млн теңге, «Самара-Шымкент-Жөлек» жолын орташа жөндеуге 130 млн теңге, Шиелі кентіндегі Тәуелсіздік көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 346 млн теңге қаржы қаралған. Биыл сондай-ақ, «Білім берудің инфрақұрылымын дамыту» қоры арқылы Жансейіт елді-мекенінде 100 орындық білім ошағы бой көтермек. Ал, Тартоғай, Әбділда Тәжібаев, Бестам, Алмалы, Ортақшыл ауылдарында амбулатория құрылысы басталады.