Аймақтың инвестициялық климатын жақсарту – стратегиялық міндеттің бірі. Осы орайда «Қазақинвест» ұлттық компаниясының өкілдері өңірдегі іргелі кәсіпорындарды аралады. Бір топ делегат шыны зауыты мен күріш ақтайтын цехта болды. Сонымен қатар йодталған тұз өндірісін көріп, аймақтың инвестициялық әлеуетін саралады.

Өңірімізде ірі жобалардың аясында инвестиция тарту арқылы ілеспе кәсіпорындарды құру көзделіп отыр. Соның ішінде өңір дамуына серпіліс берген ірі жобаның бірі – шыны зауыты. Кешен айналасында ілеспе зауыттар құру үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде қажетті инфрақұрылым желілері жеткізілген.

МАРАТ ЕСЕНОВ - «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ӨҢІРЛІК ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ «Бұл зауыттың жұмысының жалғасуының себебі бар. Себебі шыны кластері бағытында жұмыстар басталып кетті. Сондықтан менің ойымша инвестиция потенциалы өте жоғары, мүмкіншіліктері бар. Осы бағытта облыс әкімшілігімен бірігіп жұмыс жасауға дайынбыз».

АРЫСТАНБЕК САҒИЕВ - «QAZINDUSTRY» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Мамандарды оқытып, шетелдік қызметкерлерді тартып кәсіпорындардың жұмысын күшейтуге болады. Сол арқылы түрлі өндіріс орындарындағы монтаждау жұмыстары үшін 40-50 пайыздан, 30-60 миллионға дейін инвестиция құюға болады. Міне біз сол жұмыстарды қолға алу үшін кеше арнайы семинар өткізіп, бүгін Қызылордадағы өндіріс орындарымен танысып жатырмыз».

Мұнан соң Қазақинвест өкілдері «Абзал и К» толық серіктестігінің күріш ақтау және тұз өндіру цехын аралады. Жылына 35 мың тонна күріш пен 100 мың тоннадай йодталған тұз өндіретін компания бүгінде ТМД төңірегінде 10-нан аса мемлекетке өнімдерін жөнелтіп отыр.

САҒИДОЛЛА СЫЗДЫҚОВ - «АБЗАЛ И К» ТС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ «Кешеден бері осы инвестфорум өтіп жатыр. Осы облысымызға үлкен инвестициялар құйылса екен. күріш болсын, тұз болсын терең өндеу жағынан Қазақстан қалып келе жатырмыз. Келесі этапқа көшсек па дейміз енді. Мысалы, күріштен ұн шығарып, балаларға арналған тағамдар шығарсақ деген, сондай өндіріс ашсақ па деген ойдамыз».

Мамандардың айтуынша, облыста инвестиция тартуға қолайлы климат қалыптасты. Қазіргі таңда шет елдермен іскерлік байланыстар орнату және инвестициялардың жаңа толқынын тарту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.