Биыл облыс орталығындағы қоғамдық орындар мен көпқабатты үй аулаларына 1400 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Сондай-ақ, жедел басқару орталығын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осы арқылы қалада қауіпсіздік шараларына айрықша назар аударылып отыр. Маңызды мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды.

Қазір Қызылорда қаласында жедел басқару орталығына қарасты 272 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Бұл облыс орталығы үшін аса көп көрсеткіш емес. Оның үстіне құрылғылардың дені ескірген. Ал, Сыр ордасын қауіпсіз қалаға айналдыру үшін соңғы үлгідегі бейнебақылау жүйесі ауадай қажет. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Сергек» компаниясымен келіссөз жүргізілуде.

СӘБИТ ИБАДУЛЛА – ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыру мақсатында биылдан бастап Қызылорда қаласында қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлер аулаларына 1400 камера, 19 дана интелектуалды қиылыс, 58 дана жылдамдық өлшегіш құралдар, 20 дана планшетте жұмыс жасайтын «Sergek Qorgau» мобильді жұмыс орындары, одан бөлек қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi тарату жұмыстары жүргізіледі/

Қоғамдық орындарда тұрғындарды ақысыз интернетпен қамту бастамасы демеушілік негізде жүзеге асырылады. Яғни, бұл жобаға бюджеттен қаржы жұмсалмайды. Сондай-ақ, қалаға цифрлы бейнебақылау жүйесін енгізу де артық шығынсыз жүзеге асады, дейді мамандар. Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік арасында «бейнебақылау камерасын көбейту айыппұл салып, қаржы жинауды көздейді» деген түсінік бар. Бірақ аймақ басшысы басты ниет қауіпсіздікті қаперден шығармау екенін ескертті.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Осының шынында да үлкен септігі тиеді. Өйткені камера тұрғаннан кейін адам жат әрекеттерге бара бермейді. Оның тазалыққа да үлкен көмегі болады. Айыппұл салынады, анықталғаннан кейін оған да бармайтын болады. Қаладағы дүниелерді бүлдірмейтін болады, ұрлық азаяды. Шынын айту керек, көп нәрсеге септігі тиеді. Ең негізгісі адамның амандығы керек бізге/

Әріптестік келісім құжаты бірінші тамызға дейін бекиді. Дегенмен оған дейін пилоттық жоба ретінде қаланың сол жағалауы мен қоғамдық орындарға 150 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Мұнымен қоса, жедел басқару орталығына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Содан соң бұл жоба өңірдің барлық аудандарында жүзеге асырылады.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Ол барлық жерде солай болуы керек. Аудандарға да келеміз. Аудан орталықтарының кіре беріс қақпаларына орнатылуы керек. Өйткені аудандарда мал ұстайтын адамдар көп, ұрлық өршіп тұр. Арыз-шағым көп келуде. Бұл мәселені де ашуға көп көмегі болады. Кім келді сырттан, кім кетті, қашан кірді, қашан шықты және басқа да қылмыстарды ашуға үлкен септігі тиеді. Сондықтан барлық қақпаларға бірінші кезекте қою керек/

Барлық бейнебақылау камералары цифрлық жүйеге енгізіліп, бір орталық арқылы бақыланады. Сондықтан қылмыс пен көпе-кернеу заң бұзушылық әрекеттер айтарлықтай азаяды, дейді бастамашыл топ.