#qyzylordatv

Тереңөзек кентінде қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир болды. Сырдария ауданының «Құрметті» азаматы Расул Есеновті еске алуға арналған біріншілікте еліміздің 11 облысынан келген 200-ге жуық спортшы белдесті.

Расул Әбутәліпұлы туған жерін түлетіп, еңбегін елі бағалаған тұлға. Көзі тірісінде Сырдария ауданында бірнеше тұрғын үйдің құрылысын сапалы жүргізіп, ел игілігіне табыстаған кәсіпкер. Сондай-ақ, ауылдарда балаларға арналған ойын алаңдарын салып, елді мекендердің көркеюіне атсалысқан. Талай істің бел ортасынан табылатын Расул Есенов кенттегі спорттың дамуына да өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде арда азаматтың есімі ұмыт қалмай, оның өнегелі өмір жолы кейінгі буынға насихатталып келеді.

БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ //Расул Әбутәліпұлы өңірдің әлеуметтік-экономикасын, оның ішінде ауданның дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан ардақты азамат. Елдің үлкен-кішісімен етене араласып, ауданның барлық қоғамдық өміріне белсенді еңбек етті...//

ФАТИМА ӘБУТӘЛІПОВА – Р. ЕСЕНОВТІҢ ҚЫЗЫ //Бұл турнир жыл сайын жалғасын табатын болады. Өйткені, артында қалған ұрпағы оны ұмытпауымыз керек. Әкеміздің елге еткен еңбегін насихаттау мақсатында тарихта қалғанын қалаймыз. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз.//

 Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған республикалық жарысқа еліміздің 11 облысынан 200-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Командалардың әрқайсысында сегіз балуаннан. Ал аймақ намысын облыстан шыққан қос бірдей құраманың спортшылары қорғады. Айналмалы жүйеде өткен жарыстың алғашқы кездесуі Қызылорда мен Жамбыл облысы арасында өтті.

 Осылайша, еске алу турнирі екі күнге жалғасты. Жеңімпаздар демеушілердің бағалы сыйлықтарымен және арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, әр салмақтағы үздік үш жас спортшыға «спорт шеберлігіне үміткер» атағын айқындайтын арнайы куәлік табысталды.