#qyzylordatv
Бахрейн астанасы Манама қаласында өткен гандболдан Азия ойындарында Қазақстан қола жүлдеге қол жеткізді. Ұлттық құрама сапында 5 сырбойылық ару бар. Олар команданың негізгі құрамында ойнап, жеңіске жетеледі. Күні кеше, ел абыройын асқақтатқан спортшы қыздарды темір жол вокзалынан жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен күтіп алды.
Тартысқа толы додада ұлттық құрама Қытай, Өзбекстан, Иран, Гонконг және Үндістанға қарсы ойын өткізді. Нәтижесінде, жалпы есепте 3-ші орынға тұрақтады. Ал, Қазақстан жасөспірімдердің 3-ші Азия ойындарында жалпыкомандалық есепте 3-сатыға көтерілді. Қоржында 93 медаль: 24 алтын, 29 күміс, 40 қола бар.
Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вячеслав Кимнен тәлім алған қызылордалық бұрымдылардың бұл құрлықтық бәсекедегі алғашқы айтулы жетістігі. Туған елге табан тіреген Азия ойындарының қола жүлдегерлері жарыстан алған әсерімен бөлісіп, сый-құрмет көрсеткен жерлестеріне алғысын білдірді.
ҚЫЗЖІБЕК ҒАЛЫМ – ГАНДБОЛДАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ОЙЫНШЫСЫ //Бізді қолдап келіп жатқандарына рахмет. Ойындар өте ауыр болды. Бірақ, команда жақсы ойнап, тренердің берген кеңесімен біз осы жетістікке жеттік. Ойын кезінде қателіктер болды. Енді сол қателіктермен жұмыс жасап, алдағы жарыстарда бұдан да жақсы жетістіктерге жетеміз//
ОЛЬГА ЕГУНОВА – АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ //Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары Қазақстан үшін маңызды дода. Өйткені мұнда қай елдің резерві мықты екені көрінеді. Сол себепті біз бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Бірнеше мәрте оқу-жаттығу ұйымдастырдық. Бастысы команданың ойыны көңілден шықты. Бір күн спортшыларға демалыс беріледі. Сонан соң, жыл соңына жоспарланған жарыстарға дайындықты бастаймыз//