#qyzylordatv

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар: ғылым мен мәдениеттің сабақтастығы» атты көшпелі көрме ашылды. Түркістан облысындағы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі ұсынған жәдігерлер туралы тілші бейнематериалында.

 Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығы мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының 45 жылдығына орай өткізілген көрменің мақсаты – Отырар қаласынан табылған мұралар мен қала өркениетін таныстыру.

 НҰРСҰЛТАН БЕКЕШЕВ – ОТЫРАР МЕМЛЕКЕТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БАС ҚОР САҚТАУШЫСЫ // Отырар алқабынан табылған тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, Отырар алқабындағы қалалық мәдениетінің қалыптасуы, ғылым мен білімнің дамуы нәтижесінде өндіріс, сауда, шаруашылық түрлерінің дамығандығын дәлелдейтін және көрсететін жәдігерлер әкеліп отырмыз. Біздің музей жыл сайын дәстүрлі түрде еліміздің түкпір-түкпірінде осындай көрмелерді өткізіп отырады. Биылғы жылы 4 көрме өткізу жоспарланып отыр.//

 Отырар маңында жүргізілген зерттеулер қаланың көне заманнан адам баласының тұрмыс-тіршілігіне қолайлы болғандығын аңғартады. Отырықшы мәдениет те осы өлкеде қалыптасқан. Бүгінде Отырар алқабында 202 тарихи және мәдени ескерткіш есепке алынған. Олардың қатарында Отырартөбе, Кұйрықтөбе, Алтынтөбе, Пышақтөбе, Көк-Мардан, Күйік-Мардан, Жалпақтөбе, Қойыртөбе, Оқсыз секілді мекендер бар. Сауда-қолөнер орталықтары, Арыстанбаб, Найман әулие кесенелері мен архитектуралық ескерткіштер зерттеліп ғылыми айналымға енгізілген. Көшпелі көрмеге жиналғандарға Ұлы Жібек жолы және ислам мәдениеті арқылы жеткен мәдениет пен ортағасырлық отырарлық ғалымдардың, сондай-ақ, егіншілік, сауда, өндіріске қатысты жәдігерлер таныстырылды. Әсіресе, сыры кетсе де сыны кетпеген құмыралар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Көшпелі көрме «Музейдің ғылыми бағыты және зерттеу жұмыстарының өзектілігі» тақырыбындағы ғылыми семинармен жалғасты. Жиында археолог-ғалымдар Сыр өңірінің астана болған кезеңдегі тарихы, «Асанас» қалашығындағы археологиялық зерттеулер, «Шах-шах» шатқалына жүргізілген барлау экспедициясы жайлы ойларын ортаға салып, кеңінен талқылады.

 Айта кетейік, «Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар: ғылым мен мәдениеттің сабақтастығы» атты көшпелі көрме 15-ші қарашаға дейін көпшілік назарына ұсынылмақ.