Алаяқтардың арбауына түскен 21 жастағы шиелілік келіншектің атына 10 банктен несие рәсімделген. Мұндай мысалдар ел ішінде мыңдап кездеседі. «Бұған қаржылық сауаттылықтың жоқтығы себеп» дейді сарапшылар. Қазір аймақта «Аманат» партиясының «Қарыссыз қоғам» жобасы бойынша оқу-семинарлар өткізіліп жатыр. Бұл жоба қаржыны тиімді пайдалануға, бизнес бастауға бағыт-бағдар береді.

Қарыз қамытынан қалай, қашан құтыламыз? Тұрғындарды толғандырған тақырып осы. Мамандар сөзінше, қаржы басқаруда көбінде біліктілік жоқ. Тіпті, несиені мақсатсыз пайдаланатындар бар. Оның соңы тығырыққа тірейді.

АЙНҰР ТӨЛЕКОВА – ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ // 80 пайыз азамат тұтынушылық несие алып кеткен. Оның ішінде займдар, микроқаржы ұйымдарынан. Тұтынушылық несиелер пайыздық мөлшерлемесі көп несиелер. РЕД, РАССРОЧКА, 2 жылға бөліп төлеу деп айтамыз. Көбінесе, бұл маркетингтің құрбаны болған азаматтар.

«Қарыссыз қоғам» жобасы аясында ауданда 5 күндік семинар өткізіліп жатыр. Осыған дейін сарапшылар ауыл-ауылды аралап, 500-ден аса тұрғынды оқытқан. Онда бизнес ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу, несиені тиімді пайдалану жөнінде кеңестер берілген. Оқу-семинарға Еңбекші ауылында 90-ға жуық тұрғын қатысып, арнайы сертификат алды.

НАҒИМА БЕКБОЛАТОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ //Қаржылық сауаттылық туралы қазір көптеген ақылы түрде курстар өткізіледі. Бұлай теген осы уақытқа дейін ешкім ұсынған жоқ. Бұл қоғамға пайдалы жоба деп ойлаймын.

ЛАУРА БАЛАБАЕВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ // Курста көптеген тың мәліметтер берілді. Яғни, өз қаржымызды қалай басқаруға болатындығы және шығын мен табысты қалай реттеуге болатындығы, табысты депозитке жинақтау арқылы жинағымызды көбейтуге болатындығы жайында көп мәлімет алдым.

Айта кетейік, аталған жоба басталғалы аймақта 2 мыңға жуық тұрғын қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өткен. Оқу семинары жыл бойы өңірдің барлық аудандарында жүргізілетін болады.