Бүгін қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің нөмірі 60-шы мекемесінде шағын және орта бизнес өкілдері үшін ашық есік күні өтті. Іс-шара мекеменің кәсіпорын аумағындағы өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған.

Түрмеде жазасын өтеп жатқандар бірнеше мамандық игеру мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ осы өндірістік аумақтағы кәсіпорындарда жұмыс істеп, нәпақа табады. Ашық есік күнінде ұйымдастырылған көрмеге сотталғандардың қолынан шыққан бұымдар қойылды. Астау, домбыра, құрылысқа қажетті кірпіш, блок, тастөсеніштер, сондай-ақ көрпе-төсек пен арнайы салалық киімдер қойылған.

ШӘЙМЕРДЕН ЕСЕНГЕЛДИЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ

«6 мамандықпен бұл жерде енді ағаш ұстасы, кірпіш қалаушы, автомеханик сынды мамандықтар бар. солардың бәрін оқытамыз сотталғандарды. Осы өндіріс аймағымызда жұмысқа қабылдаймыз. Еңбек Қызылорда арқылы осы жерде жұмыс атқарады. Жеке кәсіпкерлермен келісім-шарт жасалады».

Мынау тігін цехы. 20-ға жуық жазасын өтеуші сағат таңғы 9-дан кешкі 17:00-ге дейін шеберханада салалық киім пішіп-тігеді. Ал айлықты түрмеде өндіріс орнын ашқан кәсіпкер төлейді.

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ «күніне 2-3 форма тігіп шығарамыз адам басы. Өнім жақсы. Ешқандай қиыншылық жоқ. Қазір осы жерде жұмыс жасап, білмейтінімізді үйреніп жатырмыз. Отқаныма 2 жыл болды, жұмыс істегеніме 1 жылға жуықтап қалды. Айлық табысымыз жақсы, өзімізге жетеді».

Сондай-ақ мұнда бетон өнімдерін шығаратын өндіріс орны да бар. Тағы бір аумақта кірпіш құйылып жатыр. Бағасы нарықтағыдан арзанырақ.

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ «15 жылдың қазан айынан бастап осы кірпіш заводында жұмыс істеп жатырмын. Айлығымыз уақытылы. Шығарғанымызға байланысты аламыз. 50-70 мың аударылады. Үйіме, отбасыма жіберемін. Күнделікті кесек басып, орны күйдіріп қыш кірпіш шығарамыз».

АЛЕН ӘЛІБЕКОВ - ЖҰМЫС БЕРУШІ «Осы жақта жұмыс істеп жатқанымзға екі жылдай болды. 30 шақты адамға жұмыс беріп отырмыз. Мына бетон өнімдерін біз шығарамыз. Брусчатка бар, теплоблок, газоблок. Осы өнімдер біздікі. Жақында енді мебель цехын бастап жатырмыз. 3 цехымыз бар. Жалақысын енді біз істегеніне төлейміз».

Жаза басып, бас бостандығынан айырылғандар мерзімін қысқарту үшін тәртібін түзеп, үлгілі болуға тырысып жүргендерін айтады. Бұл сонымен бірге, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң қоғамдық өмірге бейімделуіне алғышарт бола алады.