Аралдың экологиялық ахуалы әлем назарында. Биыл қыркүйек айында өтетін біртұтас су саммитінде өзекті мәселе талқыға түспек. Бұл бастамаға Франция мемлекеті айрықша қолдау көрсетіп отыр. Осыған орай Франция президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегация Сыр өңіріне арнайы келіп, аңқасы кепкен Аралдың жай-күйімен танысты.

Франция делегациясы алдымен «Балықшылар» музейіне барды. Мұнда теңізді өлкенің бай тарихы хатталған. Өткенге көз жүгіртсек, Арал көлемі жағынан әлемдегі төртінші көл саналатын. Балығы тулап, шағаласы шулаған айдынның ауданы 70 мың шаршы шақырымға дейін созылып жатты. Жайнаған жағада қайнаған тіршілік. Сыр балықшылары бүкіл одақты теңіз маржанымен қамтыды. Қазір соның барлығы қиялға қонымсыз ертегі іспетті. Теңіз тарихымен танысқан меймандар тебіренісін жасырмады.

Кезінде толқынды теңіз осы маңға дейін жетіпті. Ескі арнаның ізі мен қираған қайықтар үнсіз-ақ көп жайды аңғартып тұр. Франциялық делегация өкілдері әр деректі таңданыспен тыңдады. Мұнан соң меймандар аудан орталығынан шалғайда жатқан «Көкарал» бөгетіне барып, Кіші Арал теңізінің жай-күйімен танысты. Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым Арал теңізінің құрғап қалуын жиырмасыншы ғасырдағы ең ірі экологиялық апаттың бірі деп бағалады. Бірақ, әлі күнге дейін кесімді шешім айтылған жоқ. Ендігі бір үмітіміз, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтетін біртұтас су саммитінде.

БАРБАРА ПОМПИЛИ – ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ

//Аралдың экологиялық ахуалы өте өзекті. Біз мұны біртұтас су саммитінде әлем назарына ұсынғымыз келеді. Жалпы біздің бастамамызбен климаттық өзгерістерді талқылауға арналған «Бір планета» кеңесі бүгінге дейін 7 рет өткізілді. Осы жиындарға 140 мемлекеттің өкілі қатысып, 45 құжатқа қол қойылған болатын. Бұл жолы арнайы Арал мәселесі көтерілетіндіктен нақты бастамалар бекиді деп сенеміз/

Екі ел мақұлдасқан маңызды жиын қыркүйек айында өтеді деп жоспарланып отыр. Онда Франция президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили мен Қазақстан президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сулейменованың Арал сапарындағы біріккен үндеуі жарияланбақ.

Осыдан тура екі ай бұрын Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілері теңіз тағдырын бағдарлай келді. Еліміздің сыртқы саудасының 40 пайыздан астамы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. Сауда-саттық тұрғысында алыс-беріс, барыс-келісіміз жақсы-ақ. Бірақ экологиялық мәселеге келгенде, өнген істен сөнген сөз басым. Аралға келіп-кететіндер көп, бірақ көрікті ететіндер жоқтың қасы. Дегенмен франциялық тараптың тірлігінен шын достық рәуіш байқалады, дейді мамандар. Жалпы, соңғы жылдары қолға алынған бастамалар нәтижесінде кіші Арал теңізінің деңгейі біршама көтеріліп, балықшы қауымның кәсібі жанданды.

Теңіз тағдырын таразылаған меймандар жолай Қазалы ауданына аялдап, орман көшеттерін өсіруге арналған тұқымбақ жұмысымен танысты. Осында бапталған тал-дарақтар экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Арал теңізінің ұлтанына егіледі. Мұнан соң меймандар Сыр бренді - күріш күтімін көру үшін Таң ауылындағы егіс алқабына барды. Франция біздің елмен ауыл шаруашылығы саласында да байланыс орнатуға бейіл. Сондықтан тараптар алқап басында осы мәселе жөнінде пікір алмасып, тауар айналымын ұлғайтуға уағдаласты.