Бүгін - ветеринария қызметкерлері күні. Атаулы күн елімізде алғаш рет тойланып отыр. Салтанатты шараға облыс әкімі қатысып, ауыл-аймақтағы мамандарға 26 қызметтік автокөлік табыстады. Сондай-ақ, сала үздіктері марапат биігінен көрінді. Тақырыпты тілшіміз Қозы Көрпеш Жасаралұлы тарқатады.

«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл бар. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі қашанда назар нысанасында. Бүгінде бұл салада 780 маман жұмыс істейді. Екі жыл бұрын олардың жалақысы 60 мың теңге болатын. Оған қоса, жыл сайын қаңтар, шілде, желтоқсан айларында ақысыз еңбек демалысына жіберілетін. Саладағы кадр тұрақтылығын сақтау мақсатында 2022 жылы 724 млн теңге бөлініп, мамандардың жалақысы 40 пайызға өсті. Сондай-ақ:

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ

//Мемлекет басшысы жолдауында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандардың жалақысын көтеруді тапсырған болатын. осы бағытта 2022-2024 жылдары бюджеттен қосымша 1 млрд 634 млн теңге бөлініп, мамандардың жалақысы тағы да 50 пайызға өсті. Ветеринарлық ұйымдардың материалдық базасын жаңартуға екі жылда облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінді.//

Бүгінде аймақта эпизоотиялық ахуал тұрақты. 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық дәрі-дәрмек уақытылы жетіп, төрт түлікке екпе жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында аймақта мал басы аман. Кәсби мерекеге орай ауыл-аймақтағы мамандар жаңа қызметтік көлік мінді. Солардың бір Ғани Абылаев. Ол Тұрсынбай датқа ауылында 15 жылдан бері мал дәрігері қызмет атқарады. Жаңа автокөлік шұғыл шақыртуларға жедел жетіп, тиісті ем-дом жүргізуге сеп болады дейді.

ҒАНИ АБЫЛАЕВ – МАЛ ДӘРІГЕРІ

// Тұрсынбай Датқа ауылында 7 мың уақ мал, 3 мың ірі қара, 2,5 мың жылқы тіркеуде бар. Бізге он жыл бұрын автокөлік берілген. Енді оның ескіруіне байланысты жаңадан автокөлік беріліп жатыр. Өте қуаныштымыз.

Мерейлі мезетте сала үздіктері Үкімет басшысының, министрліктің, облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, бірқатар сала ардагері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

АБДУЛЛА НАЖМАДИНҰЛЫ – МАЛ ДӘРІГЕРІ

//Осы салада 41 жыл жұмыс жасадым. Жыл сайын жұқпалы ауруларға қарсы егіміз. Эпидахуалды тұрақтандыру үшін. Сонымен қатар сирологиялық жұмыстар жүргіземіз. Жалпы айтқанда, ауру сырқау жоқ. Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын.//

ШАХМАРДАН ҚОЙШЫБАЕВ - ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

//Буферлік зонадан шығып, аусылдан таза аймақ мәртебесі мал шаруашылығымен айналысып жатқан шаруалардың етінің экспортқа шығуына мүмкіндік береді. Айту керек, бұрын буферлік зонда болған кезде біздің ет ешқандай облысқа тыйым салынған болатын. осының барлығы алынып тасталды. Шаруалар толық зерттеуден кейін кез келген көлемде сыртқа шығаруға толық мүмкіндігі бар.//

Соңғы жылдары Сыр өңірінде ветеринария саласына ерекше мән беріліп отыр. Былтыр ғана ауыл-аймақтағы мамандарға 30 жаңа көлік табысталып, қажетті құрал-жабдықтар алынған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.