#qyzylordatv 

Биыл қала бюджетінен бөлінген қаржының басым бөлігі жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Мәселен, қазіргі күні жалпы ұзындығы 71 шақырымнан астам 71 көшеге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қалада тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Облыс орталығында тағы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тілшіміз тарқатады.


ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ 

Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту - халықтың сұранысы мен талабынан туындап отырған ең басты мәселе. Сондықтан тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында қазір қала көлемінде жалпы құны 38 млрд. теңге болатын 23 жоба іске асырылуда. Соның бірі Шанхай мөлтек ауданындағы Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары алдағы қыркүйек айына дейін аяқталмақ


 Мұнан бөлек, Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз, Есенов көшелері жөнделіп, плотинаға дейінгі жол кеңейтіліп жатыр. Қалаға қарасты елді мекендер мен шет аймақтағы жолдардың да жайы назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, биыл Сабалақтың 35 көшесіне қиыршық тас төселді. 


НҰРЖАН АХАТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ 

Қыс мезгілінде көп арыз түскен болатын Сабалақ елді мекенінен халықтың жүріп тұруына мүмкіндік болмауына байланысты. Соған сәйкес бүгіннің өзінде 35 көшеге тас төседік, жылдың соңына дейін тағы орталық көшелерін асфальттап шығамыз


Тағы бір маңызды жоба - «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. 


НҰРЖАН АХАТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ 

Жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жол жабыны салынады....


Қызылорда тұрғын үй құрылысы бойынша көш басында. Биылғы жылы бюджеттен 4919 пәтер сатып алуға қаржы бөлінді. Көпқабатты үйдің үш мыңнан астамы кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Қалада инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, салық базасын ұлғайту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. 


НҰРЖАН АХАТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ 

1-ші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168 млрд. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 

276 млрд. 183 млн. теңгеге жетті...


Халықты сумен, электр желісімен, көгілдір отынмен қамту - маңызды міндет. Қалада осы бағытта биыл «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында 4 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Гагарин, Титов, Қызылжарма және Әл-Фараби аудандарында су құбырлар желісінің құрылысы басталады. Сондай ақ, Қызылжарма ауылындағы жаңадан қоныстанған аумақтарға ауыз су және газ құбыры жүргізіледі.