#qyzylordatv
Баланы дер кезінде сүндеттету – ата-ана үшін маңызды қадам. Сондықтан, жұртшылық бұл міндет үшін аянып қалмай, ең білікті маман таңдауға асығады. Сұранысқа қарай қазір өзге қалалардан да келіп осы жұмысты атқаратын дәрігерлер көбейген. Бірақ, солардың бәрі білікті маман деп айта аламыз ба? Жалпы, баланы неше жастан сүндеттеткен жөн? Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
Сүндет – мұсылманға міндет. Шыны керек, осы діни қағидаға сүйеніп бұрындары балаларды ауыл-ауылды аралап молдалар сүндеттейтін. Ал қазір бұл жұмысты молдалар атқармаса да, мол табысты көздейтін өзгелер де жүргізіп жүр. Әрине, кәсіби мамандар жоқ емес. Дегенмен, бұл салаға нақты бағытталған білігі болмаса да, сүндеттеумен айналысатын дәрігерлер көбейген. Осының салдарынан жазатайым жағдайлар жиілеп отыр.
ӘЛІМЖАН ТӨЛЕГЕНОВ – УРОЛОГ-ХИРУРГ
Өкінішке қарай, ондай жағдайлар болып жатыр, әртүрлі мамандар сүндеттейді. Терісін артық қалдырып қояды, болмаса «гипоспадия» деген патология кездеседі, «жасырын жыныс мүшесі» патологиясы бар. Осындайларды сүндеттеп қойған кезде біз реконструктивті операция жасауға мәжбүр боламыз... Көп жағдайда айтылып жатады, баланың жасына қарау керек, тақ санда болады, жұп санда болмайды, деген сияқты. Медициналық көзқарасқа келгенде, ондай қағида жоқ. Біз көбіне 5 жастан асқан баланы сүндеттейміз. Өйткені, бала осы жаста ақылға тоқтайды. Сүндеттеліп болғаннан кейін де 5 жастан асқан балалар күтімге ыңғайлы. Ата-аналар бірінші кезекте қаперде ұстау керегі – баланың сүндет терісі дайын ба? Осыған көңіл бөлу керек. Бұл жерде әртүрлі патологиялар болуы мүмкін. Сондықтан, сүндеттеуді жоғары білікті маманға, оның ішінде балалар урологына тапсырған дұрыс
Заманына қарай амалы, қазір сүндеттеудің де сәні көбейді. Бұрынғыдай баланы алдап-сулап жатқыза салу жоқ, қышқыртып сүндеттей салмайды. Алдымен, періштеге патшадай құрмет көрсетілмек. Содан соң сүндет терісінің айналасына жансыздандырғыш салынады. Ал, монитордағы ойынға еліккен батыр бұл процесті сезбей де қалады екен. Иә, техника түрленді, креатив керемет. Бірақ балалар арасында патологиялық кеселдер күрт көбейіп барады.
ӘЛІМЖАН ТӨЛЕГЕНОВ – УРОЛОГ-ХИРУРГ
Балалардың арасында ең көп кездесетін патология ол – гипоспадия. Яғни, зәр шығаратын каналдың ахауы. Ата-аналар бала туылған кезде соған көңіл бөлуі керек. Сүндеттеліп туылды немесе баланың періштесі піштіріп кетті, деген сияқты ата-аналардың арасында теріс түсінік бар. Ал ол негізінде туа болған аталық жыныс мүшесінің патологиясы. Белгісі, баланың сүндет терісі болмайды, аталық жыныс мүшесі қисық болады, кіші дәреті шашырап шығатын болады. «Сүндеттеліп туылған бала» деп ата-анасы оған көңіл бөлмесе, өзінің опреация жасалатын уақыттары болады. Мысалы, осы гипоспадияға 1,5 жастан бастап операция жасаймыз. Аталық жыныс мүшесінің дұрыс еместігін білетін болса, есейе келе ол психоэмоционалдық жүктеме болады