#qyzylordatv 

Арал ауданы Сексеуіл кентінде темір жол вокзалы ел игілігіне берілді. Жаңадан салынған ғимаратта жолаушыларға барлық мүмкіндік қарастырылған. Құны 1 миллиард 360 миллион теңгені құрайтын нысан мемлекет басшысының теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі. 


Құрылысы былтыр басталған темір жол вокзалы бір жыл ішінде ел игілігіне ұсынылды. Кент тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов вокзалдың аймақ үшін маңызы зор екенін тілге тиек етті. 


Салтанатты рәсімде теміржол саласының ардагерлері ақ батасын беріп, саланың дамуына үлес қосқан қызметкерлер мен вокзал құрылысын сапалы жүргізген мердігерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын құм арасына салынған шағын бекет бүгінде тоғыз жолдың торабына айналды. Тәулігіне отызға жуық жүк және жолаушылар пойызы өтетін Сексеуіл – елдің батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғаған стратегиялық бағыттың бірі. Өңірде бір жарым мыңнан астам теміржолшы еңбек етеді. 


 Жаңа вокзал – жай ғана ғимарат емес, жолаушылар үшін жайлы мекен. Мұнда отыздан астам азамат еңбек етеді. Заманауи талапқа сай кешенде ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, кең күту залы, жүк сақтау қоймасы, санитарлық-тұрмыстық орындар мен электронды ақпараттық жүйелер қарастырылған. Тәулігіне 281 жолаушыға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.


 Оннан астам теміржол мекемесі қызмет көрсететін Сексеуілдің стратегиялық маңызы жыл өткен сайын артуда. Қазір мұнда тағы бірнеше бағытта жаңа желі тарту жұмыстары басталған. Бұл – жүк пойыздарының өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, ел экономикасының күретамырын күшейтетін маңызды жоба болмақ.