#qyzylordatv
Бүгін Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған жоба – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жиында Олжас Бектенов өңір әкімдеріне ұлттық жобада көзделген іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Селектордан соң облыс әкімі Мұрат Ергешбаев күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.
Облыс бойынша электр желілері мен қондырғыларының тозуы 60 пайыз, жылу желілері 40, сумен жабдықтау желілері 15,8 және суды бұру желілерінің тозу деңгейі 16,9 пайызды құрайды. Осы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен электрэнергиясы, жылу, ауыз сумен қамту және суды бұру желілерін жаңғырту бойынша жалпы құны 14 млрд 704 млн теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, келер жылы ұлттық жоба аясында құны 12 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Мәжілісте аймақ басшысы тиісті сала басшыларына ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, табиғи монополияларды реттеу департаментіне жобаларды коммуналдық кәсіпорындардың тарифтік сметасына енгізуді жеделдетуді міндеттеді.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Табиғи монополияларды реттеу департаменті ұлттық жоба аясында жүзеге асырылатын жобаларды коммуналдық мекемелердің тарифтік шығындарына қосуға өзгеріс енгізу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Одан бөлек, халықты коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету басты назарымызда. Сондықтан, бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарап, жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруымыз керек. Бахыт Дүйсенұлы, аталған жұмыстардың сапалы орындалуын үйлестіріп, қатаң бақылауда ұстаңыз.