Облыс орталығында Тәуелсіздік күніне орай ардагерлер арасында “Менің Қазақстаным” атты ән байқауы өтті. Әнді сүйген ардагерлер алғашқы кезеңде атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туындыларын орындаса, келесі кезеңде еркін тақырыпта халық әндерін шырқады. Өнер бәйгесіне облыстың түкпір-түкпірінен 30-ға жуық қария қатысты.
Бұл қолөнерді жанына серік етіп, он саусағынан өнер тамған шеберлердің көрмесі. Зейнеткер Раушан Тәшенова бірнеше жылдан бері қыз жасауын дайындаумен айналысып келеді. Ісмердің ұлттық нақыштағы бұйымдары көз тартады.
РАУШАН ТӘШЕНОВА – ІСМЕР
Қыздарыма тіккен жасауларым мынау, көрпеше, құрақ көрпе, қошқар мүйіз, ши құрақ. Басымыздағы кимешегімізді ең бірінші «әжелер» ансамбліне арнап тіккенмін. Қыстың күні тігін тіксем, жаздың күні бақша егемін, бақшадан шыққан өнімдерді үлгіртіп әйтеуір банка басамын, салаттар басамын.
Көрмені аралап болған соң іс-шараға қатысушылар ән байқауын тамашалады. Шәмші әнімен есейген ардагерлер жастық шағын еске алып, әуелете ән шырқады.
ШӘКИЗАТ ТӨРЕБАЕВ – ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Конкурсты өткізіп отырға себебіміз, ендігі жылы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы. Ардагерлер жас кезінде осы өлеңдерді оқып, айтып жүрген өлеңдер. Сондықтан оларға ыстық та, қызық та. Шәмшінің қай сала болсын өмір болама, отбасы ма барлық өлеңдері керемет. Осы уақытқа дейін ешқандай мәнін, мағынасын жоғалтқан жоқ.
СЕКСЕНБАЙ РАЙЫМБЕКОВ – ҚАТЫСУШЫ
Шәмші көкеміздің тірі кезінде көзін көрдік, бірақ жаспыз ол кезде өлеңнің мәнісін түсінбейміз. Шәмшінің әндері кең тараған, халықтың ішінде. «Ақ бантик», «Жұлдызым» деген өлеңмен сахнаға шығайын деп тұрмын.
Ақыл тон, аңдағанға тозбайтұғын.
Білім кен, күнде өніп қоздайтұғын.
Егелік екеуіне еткендердің,
Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын – деген сияқты тірішілік жасап жатырмыз.
Кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлап, жастық шаққа саяхат жасағандай күйге бөледі. Шәмші әндері бұл кешті рухани мерекеге айналдырғандай.
БАНУША ЗАРИПОВА – КӨРЕРМЕН
Шәмші әндерін сағынып қалыппыз. Ұйымдастырушыларға рақмет. Көңіл күйіміз көтеріліп, жоғары деңгейде өтіп жатыр. Шығармашылық бәріне табыс тілеймін. Мен өзімнің бірге жұмыс істеген әріптесіме жанкүйер болып келіп отырмын.
Ән байқауының қорытындысы бойынша 1-орынды қызылордалық Күлжамал Тұрсынбекова иеленді.
КҮЛЖАМАЛ ТҰРСЫНБЕКОВА – БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
Бұл байқауға дайындалдым шыны керек, жас кезімде талай байқауларда жүрексінбей, бас жүлделерді жеңіп алғанмын. Ізімізден ерген өнерлі жастар осындай марапаттарға ие бола берсін.
Жүлделі 2-орынға Сұлтан Назаров пен Райса Бахтиярова лайық деп танылды. 3-орынды Асма Умирбаева, Кенже Мусаева, Құрбанкүл Сүлейменовалар жеңіп алды.