Қарызға батқан азаматтарға консультациялық көмек көрсетуге бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші кезеңі басталды. Биыл әлеуметтік бағдарлама аясында 22 мың адам оқытылмақ. Біліктілік курстары бүгіннен басталып, жылдың алғашқы дәрісінде 30-ға жуық тұрғын сабақ алды.

 Жасыратыны жоқ, бүгінде несиесі еселеп, қарыздан қалай құтыларын білмей, шарадай басы шақшадай болғандар көбейді. Мамандар тіпті бір басына 10 несие рәсімделген адамдардың барын айтады. Қаржы сарапшылары болса қолда бар қаржыны жоспарлы жұмсап, қажетсіз несиеден бас тарту үшін қаржылық сауат қажет дейді. Сол себепті, жобаның келесі кезеңі кредитке көмілген көпшілікке бағытталып, несиелік борышы 90 күннен асқан азаматтарға басымдық берілмек.

АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ – «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ ҚОФ ТӨРАҒАСЫ

 Статистика бойынша өңірде 75 мың азаматымыз бар, ол азаматтарымыз несиесін төлей алмай отырғанына 90 күн немесе 90 күннен асып кеткен. Сондықтан, биыл да «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасады. Биыл соның 22800 адамын оқытуды жоспарлап отырмыз//

 Жоба қатысушылары қаржы кеңесшілерінің консультациясынан бөлек соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу, берешекті өтеу кестесін әзірлеу және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша арнайы мамандар көмегіне жүгіне алады. Заңгер кеңесі мен бес күндік дәріс тегін өтеді.

НАТАЛЬЯ МИШУКОВА – «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕНЕДЖЕРІ

 Қалай өзінің қаржысын қалай басқару керек екенін, қалай қарыздан шығу керек екенін, жеке қаржылық картасын құруды үйренеді. Платформа арқылы юристердің көмегіне жүгіне алады. Қызықты инструменттер арқылы өздері есеп шығарып үйренетін болады. Бұл бәріне керек, өйткені қаржылық сауат заман талабы//

Курсқа қатысу үшін «AMANAT» партиясының қалалық немесе аудандық филиалына хабарласып, жазылуына болады. Оқу оффлайн және онлайн форматта жүреді.