Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімі селекторлық режим арқылы қатысты. Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысынан кейін мәжіліс өткізіп, күн тәрібінде көтерілген мәселелерге байланысты қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.

 Құрылтайда еліміздегі салық саясаты, нақты секторды дамыту, инвестиция тарту, қазіргі қоғамдағы уақыт белдеуі, ұрпақ тәрбиесі, ономастика саласы, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау секілді өзекті мәселелер көтерілген болатын. Басты жаңалық, мемлекет басшысы өз сөзінде «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына және халқымызға «қазақ» атауының қайтарылғанына бір ғасыр толды. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуы тиіс» деп ерекше атап өтті. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Әрине, бұл бастама Сыр жұртшылығына артылған сенім және абыройлы міндет. Сондықтан облыс әкімі дайындыққа осы бастан кірісіп, құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек,- деді. Осыған байланысты облыстық қоғамдық даму басқармасына Ұлттық құрылтай отырысын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобын құруды тапсырды.

      Жиында сондай-ақ мемлекет басшысы берген тапсырмаларды мерзімінде және сапалы орындау міндеттелді. Экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін ұлғайтуға, салық реформасына, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға қатысты тапсырмалар берілді.