#qyzylordatv
Жыраулар үйінде Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі «Дәстүрлі ән-жыр» бөлімінің студенттері есеп беру концертін өткізді.
Қазіргі жас буынның арасында атадан балаға мұра болып келе жатқан киелі өнерді жанына серік етіп жүргендер аз емес. Музыкалық колледждің «Дәстүрлі ән-жыр» бөлімінде 22 студент тәлім алуда. Шығармашылығы шыңдалып келе жатқан талантты жастар үлкен сахнада жырдан шашу шашты.
АЙДОС РАХМЕТОВ - ҚАЗАНҒАП АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА МУЗЫКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ «Біз іште үйрете бергенменен практика жүзінде де сахнаға шығып орындаса, баланың шабыты өседі, орындаушылық шеберлегі шыңдалады. Сондықтан осындай шараны ұйымдастырып жатырмыз. бірінші курс пен төртінші курс аралығының барлығын қамтып, сахнаға шығуды сезіну, шығарманы қалай орындау, оны мына көрерменге жеткізу деген секілді шығармашылық шыңдау үшін жұмыс жасап жатырмыз».
Жастарды болашаққа жетелеу үшін өткен күннен өнеге алудың маңызы зор дейді айтыскер ақын Серік Ыдырысов.
СЕРІК ЫДЫРЫСОВ – АЙТЫСКЕР АҚЫН «Шәкірттердің концертін көзбен көріп, сынайтынын сынап, мақтайтынын мақтап, бірақ осы балаларға негізінде сәт-сапар тіліп, бата бергелі келіп отырмыз. Жырдың жампоздары жыл сайын осы Жыраулар үйінде шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Әр уақытта осы өткізілген сабақ жастарға қанат бітіріп жатыр. Оған студенттер қызығушылық танытып жатыр. Оның барлығы осы жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі».
Іс-шара студенттердің шеберлігін шыңдап қана қоймай, жыраулық өнерді кеңінен насихаттауды көздейді.