#qyzylordatv

 Әдеп кеңесінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін екі лауазымды тұлғаға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза ұсынылды. Сондай-ақ, әкімшілік қызметшілердің іс-сапар шығындарын дұрыс төлемеген бірнеше мекеме басшысына ескерту жасалды.

 Әдеп кеңесінде алдымен Жалағаш аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаровтың тәртіптік ісі қаралды. Сала жетекшісі тұрмысы төмен отбасыларға табысталатын екі пәтер техникалық талапқа сай келмесе де, сатып алу келісімшартына алдын-ала қол қойып жіберген. Мұны облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мамандары кезекті тексеріс барысында анықтады.

 ЖАНДОС ЖҮСІПАЛИЕВ – ОБЛЫС БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ / Әрқайсысы 12 млн, 710 мың теңгеден жалпы сомасы 25 млн 420 мың теңгеге сатып алу келісімшартын жасаған. Тұрғын үйлерге қарау жүргізу кезінде техникалық ерекшелік пен бағалау есебін салыстырғанда ішкі қабырғаларын әрлеу жұмыстарында кемшіліктер анықталды.../

 Тексеруші тарап ахуалды саралай келе бөлім басшысының әрекетін мемлекеттік қызметке кір келтірген теріс қылыққа балап отыр. Бірақ бұған сала жетекшісінің өз уәжі бар. Яғни, аталмыш пәтерлерге қаражат республикалық бюджеттен бөлінгендіктен игерілмей қалу қауіпі туындаған. Әрі кәсіп иесінің құрылыс материалдары қоймада тұрғанына көз жеткізгеннен кейін осындай тәуекелге бардым, дейді.

 ҒАЛЫМЖАН ҚАЙНАЗАРОВ – АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ / Бұл екі пәтер бойынша сатып алардың алдында еден, төбе жабындылары мен сыртқы қоршау және сағы басқа материалдары Наурыз учаскесінде кәсіпкердің уақытша қоймасында сақталып тұрды. Бұл үйлер республикалық бюджеттен бөлінгендіктен және игерілмей қалу жағдайы, келер жылға қайта бөлінбей қалу қауіпі бар еді. Сол ескеріліп осы екі пәтер сатып алынды.../

Аталмыш пәтерлер тұрғындарға межелі уақытта табысталған. Олардың тарапынан ешқандай шағым жоқ. Дегенмен, заңның аты заң. Кеңес мүшелерінің ұйғарымымен бөлім басшысына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

 ЕРЛЕГЕН МЕНДАЛИЕВ – ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ / Енді 1 жылдың ішінде қайталанып жасалатын болса, онда лауазымыңыздан босап кетуіңіз мүмкін. Өзіңіз тәжірибелі мамансыз, біліп отырсыз мұндай әрекетке баруға болмайды, бұл бюджеттің ақшасы. Заң бойынша шешім қабылдану керек.../

Мұнан соң жиында Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәуренбек Нәсібековтің тәртіптік ісі талқыға түсті. Аталмыш лауазым иесі қабылдауына келген тұрғынға дауыс көтерген. Екеуара әңгімені арызданушы азаматша телефон аудиосына жазып алып, тәртіптік кеңеске шағым білдірген.

ДӘУРЕНБЕК НӘСІБЕКОВ – АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ / Ол жерде мен запись жүргізіп жатқанын білмеймін. Бірақ сол күнгі уақытта ол өте әдемі сөйлеп тұр. Ал ол кісінің оның алдында келгендегі қарым-қатынасы өте басқаша болатын.../

 Жиында сала жетекшісі қабылдауына келген азаматша осыған дейін ұстаздық қызметте бірнеше рет теріс қылыққа жол бергенін жеткізді. Бірақ әдеп кеңесінде өткеннің әңгімесі өнбесі белгілі, ахуал бүгінмен сараланбақ. Сондықтан бөлім басшысының әрекетіне заң шеңберінде баға берілді.

 ЕРЛЕГЕН МЕНДАЛИЕВ – ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ / Әдеп нормаларын бұзу белгілерін біз байқап отырмыз. Сізге бірінші рет ескерту жариялау туралы аудан әкіміне ұсыныс жолдайтын боламыз. Сізге ескерту, менің дауысым сондай, анау анандай дегенді қойыңыз. Әдеп нормалары бар, біз соған сәйкес сыпайы, әдепті жауап беруге біз міндеттіміз/

Кеңес отырысында мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың соңғы 3 айда атқарған жұмысы да сараланды. Сондай-ақ, әкімшілік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы бойынша жүргізілген талдау қорытындылары жарияланып, бірқатар мекемеге ұсыныс жолданды.