#qyzylordatv
Елімізде суперкомпьютер класстері құрылады. Қазақстанға ресми сапармен келген Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастық жөніндегі бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Сондай-ақ қос тарап құны 5 млрд доллар болатын коммерциялық келісімге келді.
Елімізге тартылған инвестиция көлемі былтырдың өзінде 1 млрд долларға жетті. Мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімен соң басталған келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы ең үздік 10 инвестордың қатарына кіретінін айтқан Президент, алда жаңа бағыттар бойынша серіктестікті нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Қазақстанға алғаш ресми сапармен келген Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян көрсетілген ілтипатқа алғыс айтып, президенттің жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату ұсынысын құптады.
Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян 2016 жылдан бастап Ұлттық қауіпсіздік саласында бірқатар жоғары лауазымды атқарды. Ал, 2023 жылы тақ мұрагері атанып, Әмірліктің Атқарушы кеңесін тізгіндеді. Бүгінде экономика және ғылыми зерттеулер саласын дамытуға белсене ат салысып келеді. Оның Қазақстанға келудегі мақсаты жаңа технологиялар бағытындағы әріптестікті нығайту. Президентпен келіссөздер барысында 10 келісімге қол қойылды. Солардың ең негізгілерінің бірі ретінде елімізде суперкомпьютер класстерін құру туралы жобаны айтуға болады.
Сондай-ақ Smart City Astana жобаларын қолдау үшін елордада Деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланып отыр. Одан бөлек автокөлік, мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын дамытуға және энергетика саласына инвестиция құю бойынша келісімдер жасалды. Нақтырақ айтсақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салады. Жоба құны 1,4 млр доллар көлемінде. Энергетика министрінің сөзінше, Жоба Орталық Азиядағы «жасыл энергетика» саласындағы ірі бірлескен бастамаға айналуы мүмкін. Және елдің оңтүстігіндегі электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешуге, сонымен қатар тарифтің арзандауына сеп болады.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қатынастың негізі 33 жыл бұрын қаланды. Екі елдің алыс-берісі бүгінде қарқынды дамып келеді. Мәселен былтыр екіжақты тауар айналымының көлемі 277 млн АҚШ долларына жеткен. Келіссөздерден кейін, Президент пен Абу-Даби тақ мұрагері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды. Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің 46 компаниясы осында резиденті ретінде тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технология, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі секілді түрлі салада қызмет етеді.
Жалпы, екі ел арасында сауда-экономикалық және стратегиялық серіктестіктен бөлек, рухани һәм мәдени байланыстар берік орнаған. Мәселен Астанада шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейі бар. Бүгінде онда білім ошағында 2800 бала білім алады. 159 педагог еңбек етеді. Келіссөздерден кейін Преззидент пен Абу-Дабидің тақ мұрагері осы лицейге барып, оқу барысын көрді. Сондай-ақ кі елдің ынтымақтастығы мен достығына арналған көрмені тамашалады.
Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагері «Этноауыл» көрмесін де аралады. Мәртебелі меймандар ұлттық киім үлгілері, қолөнер, әдет-ғұрып пен музыкалық аспаптар, халық ойындары көрсетілген түрлі тақырыптық аймақты тамашалап, қазақ халқының бай тарихы мен рухани құндылықтарымен танысты.