#qyzylordatv
Биыл өңірде егіске қажетті су көлемі аз болу қаупі бар. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев көктемгі дала жұмыстары пысықталған үкімет отырысынан соң облыс активіне хабарлады. Жиында суды пайдалану тетіктері таразыланып, саладағы қордаланған мәселелер айтылды.
Қазір Шардара мен Көксарай қоймаларына жиналған су қоры өткен жылмен салыстырғанда 700 млн текше метрге аз. Тіршілік нәрін көбейту жөнінде жуырда Өзбекстан тарапымен үкіметаралық келіссөздер жүргізілмек. Дегенмен, бір шөмішпен су ішіп отырған көршілеріміз жомарттық таныта қоярына нақыт кепіл жоқ. Сондықтан өңірде егілетін күріш көлемін бекітілген кестеден асырмау жайы қатаң қадағаланады. Биыл Сыр диқандары негізгі дақылды 80 мың 900 гектардан көп екпеуі тиіс.
Күннің күрт жылынуына байланысты күріш егу науқаны биыл жылдағыдан ертерек басталды. Дәл қазір аймақта 37 мың 500 гектар алқапқа дән себілген. Соның ішінде 27 мың гектары суға бастырылып үлгерді. Жалпы облыс бойынша 500-ден астам ірілі-ұсақты шаруашылық бар. Шыны керек кейде олар егіс көлемін асырып, артық жерін жасырып жатады. Ақырында қуаңшылыққа ұрынуы мүмкін. Сондықтан аймақ басшысы сынық сүйем артық егіске жол бермеу керектігін аудан әкімдеріне қатаң ескертті.
Расымен судың да сұрауы бар. Бірақ суды сұрауды білген шаруалар оның өтеміне келгенде немқұрайлық танытып отыр. Бұл жыл сайын қайталанатын өтпелі мәселе. Биыл өңір шаруаларының тұтынған суға берешегі 51 млн теңгеден асып жығылады. Соның басым бөлігі жаңақорғандық шаруаларға тиесілі.
Жиында су үнемдеу технологиясын тиімді үйлестіру жайы да сөз болды. Биыл осы бастама аясында 9 мың 200 гектар аумаққа тың әдіспен түрлі дақылдар егіледі. Дегенмен бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Сондықтан өңір басшысы сала жетекшісіне көрсеткішті әлі де жақсарту жөнінде нақты тапсырма жүктеді.