#qyzylordatv
Халықаралық отбасы күнінде аймақтағы үлгілі отбасылар марапатталып, жас жанұяларға сый-сияпат тарту етілді. «Отбасы орталығында» өткен тағылымды іс-шарада 50 жыл отасқан жұптар «Алтын той» куәлігін алып, жас жанұялардың некесі қиылды.
Сыр өңірінде отбасы құндылығын сақтап, тамырын тереңге жайған, іргелі әулеттер жетерлік. Солардың бірі – қармақшылық Асанхановтар отбасы. Тағылымды шарада отау құрғандарына 50 жыл болған «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетілді. Ақ некенің қадірін терең түсініп, жарты ғасыр бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен жарасымды жұптың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге.
Отасқанына жарты ғасыр толған Оңталап Аснханов пен Аманкүл Алтынбасова төрт бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Бүгінде ұлағатты ұрпақ өсіріп, мәуелі баққа айналып, немере-шөберенің қызығын көріп отыр.
ОҢТАЛАП АСАНХАНОВ - «АЛТЫН ТОЙ» ИЕСІ «Аллаға шүкір 4 бала дүниеге келтірдік. Сол бабалардың рахатын, қызығын көріп шүкіршілік қылып отырмыз. Немере сүйдік, шөберенің қолынан май жаладық. Осы 50 жылда бір-бірімізге қатты сөз сөйлемеппіз. Бір-бірімізді сыйлап келеміз».
АМАНКҮЛ АЛТЫНБАСОВА - «АЛТЫН ТОЙ» ИЕСІ «Ең қуанышты күн бірінші немеренің болған күні. Оны әркім өзі сезініп көргенде ғана біледі. Сондай қуаныштармен әр баламыз балалы болғанда қуандық. Шүкір немерелеріміз де қазір қызметте. Оқитындары жақсы оқиды. Солардың әрқайсысы озат болып жатса біз үшін сол қуаныш. Әр қуанышпенен біәз осындайға жеттік. Әлде де қартаймаймыз, әлде де жақсы күндерді бірге көреміз деген ойдамыз».
Іс-шарада шаңырақ иелері енді ғана үлкен өмірге қадам басқан жас жанұяларға ақыл-кеңесін айтты. Жалпы аймақта Отбасы күніне орай 600-ге жуық іс-шара өткізілуде.
ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ - ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Атап айтқанда, өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар үшін қайырымдылық акциялары, «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауы басталатын Отбасы ағашы» акциясы, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы балалармен «Толағай» спорттық сайысы, Психологтарды тарта отырып білім беру мекемелерінде ата-аналармен кездесулер өткізу сынды көлемді шаралар ұйымдастырылуда»
Айта кету керек, жарасымын тапқан жанұяларды насихаттау мақсатында 2014 жылдан бері «Мерейлі отбасы» республикалық байқауы өткізіліп келеді. Содан бері айтулы додаға өңірден 2500-нан аса отбасы қатысыпты. Ал бүгін аталмыш байқауға құжат қабылдау басталды.